Ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және қоршаған орта

Сүттің сапасы – халық денсаулығының қауіпсіздігі

  • Сүттің сапасы – халық денсаулығының қауіпсіздігі

    Сүттің сапасы – халық денсаулығының қауіпсіздігі

Таңғы шайға кеше кешкісін сауылған сүтті дауа көрмей, таң бозында сауылған балғын сүтті қатып ішетін ауыл адамдары да, ауыл-ауылдан қалаға жаңа сауып әкелінген сүтті таңертең ерте тұрып алатын қала халқы үшін де қазір сүттің бір-ақ түрі бар. Бұл – дүкен сөрелерінде қаптаған тетрапакеттегі сүттер. Тоңазытқышымызда апталап сақталатын сүттердің атаулары мен түрлі-түсті қаптары әрүрлі болғанымен, бәрі дердік жасанды, әйтеуір табиғи емес. Сүт көп, бірақ сапасы күмәнді.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне енгенін білеміз. Аталған техникалық регламентке Қазақстанның сүт өнімдері толықтай сай келмейтіні сан мәрте айтылып жүр. Енді қайтсек сүтіміздің сапасын көтереміз?

Естеріңізде болса, бұл техрегламент 2013 жылдың қазан айында қабылданған еді. Кедендік одақ елдеріне кіретін Қазақстан, Армения, Ресей, Беларусь және Қырғызстан мемлекеттері  «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі» туралы техникалық регламентті қабылдап, құжат 2014 жылдың бірінші қаңтарынан күшіне енген болатын. Аталған техникалық регламент сүттің сапасын жақсарту үшін жасалған еді. Алайда Қазақстан отандық сүт өндірушілерді қолдау үшін жаңа талаптарды енгізуге асыққан жоқ, сондықтан құжаттағы талаптардың күшіне ену мерзімін екі рет кейінге шегерді, ең алғаш рет 2017 жылдың бірінші шілдесіне дейін, кейін 2020 жылдың бірінші қаңтарына дейін кейінге қалдырылды. 

Елімізде сүт өндіріп отырған жеке шаруашылықтарға Үкімет тарапынан қысым көрсетілмей, қатаң талап қойылмай, барынша жағдай жасалғандықтан Қазақстандағы сүт өндірісі аз да болса алға ілгеріледі. Айталық, 2017 жылы Қазақстанға көршілес елдерден 80 мың тоннаға жуық сүт пен кілегей әкелінген болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 65,4 мың тоннаға кеміген. Яғни, сырттан келетін сүт пен сүт өнімдері сәл азайды. 

Негізінде, Қазақстандағы сүт өндірісінің көрсеткіші соншалықты жаман емес. Айталық, былтырғы жылдың қаңтар айы мен қыркүйек айы аралығында елімізде 4,8 млн тоннадай сүт өндіріліпті. Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,2 пайызға көп. Өткен жылдың он бір айында еліміз бойынша 509,4 мың тоннадай өңделген сүт пен қаймақ шығарылған, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 476,4 мың тонна болды. Едіміздегі жалпы сүт өнімдерінің отыз пайызы - Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі және Алматы, Ақмола және Қостанай облыстары сүт өндіруден алда келеді. 

 Енді сапа жайлы айтар болсақ, сүт сапасының жақсы болуы – халық денсаулығының қауіпсіздігі. Мамандардың айтуынша, жаңа талаптар бойынша, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап сүт өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын шикі сүт, майы алынған шикі сүт, шикі кілегейлер құрамындағы МАФАМ (мезо-фильді аэробты және факультативті анаэробты микроорганизмдер көлемі) және соматикалық жасушалардың ең жоғары көрсеткіштері енгізілді. Осы арқылы сүттің сапасы, тазалығы, қышқылдығы,  майлылығы және тығыздығы секілді көрсеткіштер мұқият қадағаланады.

Мамандар келтірген статистикаға сенсек, елімізде сүт және сүт өнімдерітане сұраныс та артып келеді. Республикада 2017 жылы бір адамға шаққанда 238 литр сүттен айналса, 2018 жылы 262 литрге жеткен. Сүтке сұраныс артқан сайын бағасы да өсетіні заңдылық. Мысалы, өткен жылы пастерленген сүт 11,6 пайызға қымбатаса, сары майдың бағасы  10 пайызға өскен, ал қаймақ 3,6 пайызға қымбаттады. Дегенмен, бағаның өсуіне сұраныстың жоғары болуы ғана емес, мал азығының аздығы, дизель отынының бағасы және мал дәрігері қызметінің құны мен сапасы әсер ететіні айтпаса да түсінікті. 

Шығын демекші, елімізде өндірілген 4,8 млн тоннадай сүттің жартысынан көбі өңдеуші зауытқа жетпейді екен. Өйткені сауылған сүттің 78 пайызы қосалқы жеке шаруашылықтардың өнімі, қалған 30 пайызы ғана тауарлы сүт фермаларына тиесілі. Ал шағын шаруашылықтар мен жеке сектордан шикізатты тасымалдау өңдеуші кәсіпорындарға тиімсіз. Сондықтан ірі зауыттар көбінесе сырттан әкелінген құрғақ сүтті пайдаланғанды жөн көреді. Өйткені  елімізде шикізат базасы толық жолға қойлымаған. Әйтпесе, орыс пен белорустың сиыры берген сүтті, өз сиырларымыз да береді, тек ұқсата алмай отырмыз. Сауып алған шикі сүтті сақтай алмаймыз, өндіріске дер кезінде жеткізу қиын дегендей мәселелер бар. Жеке шаруалар сауылған сүтін қайда апарарын білмей қалады. Мұның бәрі сүттің сапасына әсер етеді. Сондықтан да бүгінгі таңда сүт өндірісі мемлекет қолдауына мәжбүр болып отыр. 

Қазіргі таңда Қазақстанда екі жүз мыңнан астам шағын шаруашылық бар екен және ел тұрғындарының 40 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады.  Ауыл шаруашылығының аяқтан тұруы үшін бізге шағын шаруашылықтардың жұмысы ілгері басқаны маңызды. Алайда егер техникалық регламент күшіне енген соң жер-жердегі шағын шаруашылықтарға тексеріс жүргізіле қалса, жеке шаруашылықтар мен кішігірім өңдеу мекемелері отандық нарықтан шеттетіліп қала ма деген де қауіп жоқ емес. Мемелкетке салық төлеп, халықты жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтардың жұмысы бәсеңдеп, қатары азайса, бұл бюджет қазынасына да айталықтай соққы болуы мүмкін. 

Міне, осындай келеңсіздікті алын алу үшін Үкімет те қамсыз қарап отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі сапалы шикізат көлемін арттыру үшін тауарлы-сүт фермаларын көбейтеміз деді. Министрлік жоспарына сай, алдағы бес жылда үш жүзге жуық отбасылық және жүзге жуық өнеркәсіп үлгідегі тауарлы-сүт фермаларын салу көзделген. Одан бөлек, биыл елімізде он екі  сүт қабылдау пункті ашылып, 328,5 млн  теңге субсидия берілді.
Жалпы мемлекет тарапынан сүт өндірісі шаруашылығына қаржылай қолдау бар. Дегенмен сүт өндірісін жолға қойып, ең болмағанда ЕАЭО-тағы елдердің сапа деңгейіне жеткізу үшін ең алдымен сауылған сүтті сақтайтын талапқа сай қоймалар, агроөнеркәсіп өнімдерін өткізу ісін жеңілдету, мал азығын көбейту, мал дәрігерлерінің біліктілігін жоғарылату, ауылға мамандар тарту секілді шешімін күтетін мәселелер бар. 


Рахымжан Елешев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик:

– Еліміздегі сүт және сүт өндірісінің тоқсан пайызы шағын жеке үй шаруашылығында өндіріледі. Үй жағдайында өндірілетін сүт сапа стандарттарына жауап бермейтіндей жөні бар. Жеке шаруашылықтардағы сүт өндіру ісін басқару  оңай емес. Қазақстандағы сауын сиырдың 90 пайыздайы жекенің қолында. Олардың санитарлық нормаға сай ма сай емес пе, сапалы өнім өндіре ала ма, кім қадағалайды? Ресейде сауын сиырдың 43 пайызы, Беларусьте бар болғаны 5-6 пайызы ғана жеке шаруашылықтарға тиесілі екен. Меніңше, бұл мәселеде ең алдымен, жерді тиімді пайдаланудың, азық-түлік дақылдарын, мал өсірудің ұлттық дәстүрге негізделген төл технологиясын іске асыру керек. Бұрын 1990 жылға дейін Қазақстанда жылына 1 миллион тонна тыңайтқыш шығарылса, қазір небәрі 40-50 мың тонна ғана шығарылады. Ал бүгінде кем дегенде 700 мың тоннадай тыңайтқыш керек, болашақта тіпті 1,5 миллион тонна қажет болуы мүмкін. Таза, сапалы сүт ішкіміз келсе, алдымен жеріміздің бабын келтіріп, содан кейін ғана сүтті сиырларды елімізге әкелуге болады. Бүгінде оңтүстік өңірлерде бір сиырды ұстау шығыны күніне 700-800 теңге. Міне, осыны ескеру керек. Ал сүт өндірісін ауылдардан шелектеп сүт жинаумен дамытамыз деу бос әурешілік.

Алаш айнасы

 




Көрілген: 243    Пікірлер: 0

жексенбі, 23.02.2020, 03:56

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Ақпан, 02:30
    Судың сұрауы бар!
    10 Желтоқсан 2019
    Ақмоладан ақ тілек

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30