«Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі Түркияда өтіп жатыр
Түркия Республикасының Кастамону қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің «Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі ашылды. Мәдени шара жөніндегі хабарды осы мекеменің баспасөз қызметі таратып отыр.
Көрмеге Кастамону қаласының әкімі Тахсин Бабаш пен ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымы бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы қатысып, көрменің салтанатты түрде лентасын қиды.
Бұл тарихи шара «Кастамону-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Көрмеге Қожа Ахмет Ясауидің және Құл Азимнің хикметтері, шамамен 1845 жылдары жазылған, 326 беттен тұратын Қожа Ахмет Ясауидің «Диу-ани Хикмет» кітабының түпнұсқасы, С.Бақырғанидың «Диуан» жазбасы, Ясауи хикметтеріне ұқсас парсы тілінде жазылған Әулие Биделдің «Диуани Бидел» хикметтері, шамамен ХҮІІІ ғ. аяғында түркі тілінде жазылған «Диуани Хикметтен» кейінгі Ясауиге қатысты құнды кітап - Бустан уль-Мухиббин қолжазбасы мен көптеген құнды жәдігерлер қойылды.
Сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи және Түркістан жайындағы суреттер мен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, киелі орындарын бейнелейтін 100-ден аса туындылар да түркітілдес елдер назарына ұсынылды.
Шара барысында Кастамону қаласының әкімі Тахсин Бабаш «Түркістаннан жеткен туындылар барша түркі жұрты үшін ең маңызды жағдай. Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен бірге қасиетті бабаның да рухы жеткендей ерекше әсердеміз. Барша Түркия елін, Кастамону қаласының халқы мен бүгінгі жиынға қатысушы қонақтарды тарихи көрменің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын" – деп атап өтті.
«Киелі Түркістаннан жеткен тарихи жәдігерлерді құрмет тұтып, бас ие келген халықтың да қарасы өте мол. Айтулы жылдарға орай ұйымдастырылған көрме аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі ғана емес, Оңтүстіктің тарихи орындары да кеңінен насихатталуда», - дейді Н.Ахметжанов.
«Ясауи мұралары және Түркістан» көрмесі ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымының ұйымдастыруымен осы жылдың 15 мамырына дейін Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Стамбул қалаларында өтеді.
Алаш айнасы