Сауалнама

Еліміздің климаттық және басқа да ерекшеліктерін ескеріп жасалған отандық өнертабыстың орнына неге шетелдің бөтен технологиясы пайдаланылады?



Тоқтамыс Меңдебаев, техника ғылымының докторы, профессор:

– Бізде әлемдік деңгейдегі өнертабысқа тең келетін, ашылып жатқан жаңалықтар көп. Бірақ қолдау жоқ. Нақтырақ айтқанда, сол өнертабысты пайдалануға құлықты емеспіз. Мәселен, мен зертхана көмегіне жүгін­бей-ақ, су ұңғымасының (скважина) ішіне салып, судың құрамын айқын­дайтын аппарат ойлап таптым. Соны мемлекеттік тапсырыс бойынша шыға­ру­ға ұсындым. Алайда оның жолы болмады. Өйткені әлгі аппарат айна секілді судың сапасын анықтап береді. Жекелей зерттеулер жүргізгенде еліміздегі су ұңғымаларының басым бөлігіндегі су сапасының нашар екенін анықтадық. Ал бұл – құзырлы ведомство үшін керек емес нәрсе. Әйтпесе мемлекеттің бәсекеге қабілет­тілігін арттыратын – тың идея мен өнертабыс. Сол себепті дамыған мемлекеттер өнертабысты көбірек шығарып, оны патенттеп, қорғауға мүдделі болады. АҚШ жылына – 350 мың, ал Қытай 300 мың өнертабысты тіркеп, патенттеп отырады. Оның құқығын мемлекеттік деңгейде қорғайды. Сол себепті бұл мемлекеттердің дамуында нәтиже бар.



Алғатбек Қыдырбекұлы, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Біздің билікте отырған жас буын өкілдерінің бойында нигилизм бар. Яғни оларда «біз техника және технология жағынан дамымағанбыз, ғылыми даму жоқ, Африканың деңгейінде қалып қойған елміз» деген түсінік қалыптасқан. Шындығында, осы жас буын Қазақстанның ғылыми әлеуетімен таныс емес. Әйтпесе ең мықты эндокринолог, ең мықты металлург, ең мықты мал шаруа­шылығы – біздің елімізде. Соны мойындағысы келмейді. Сол себепті шетелдің жылтырағына әуес. Соның салдарынан елімізде 13 мыңға жуық өнертабыс 10-15 жыл болды, сұраусыз жатыр. Кеңес заманында өнертабыс бойынша жарыс болатын. Оның иелерін марапаттап, сыйақы мен атақ беретін. Қазір осының бірі де жоқ. Насихат болмаған соң ғылыми жаңалықтарымыз қалтарыста ескерусіз қалып қоюда. Әйтпесе мен нақты айта аламын, миы мықтылар бізде толып жүр.



Әбді Қиялбайұлы, техника ғылымының докторы, профессор:

– Кез келген салада пайдаланылатын жаңа технология мен жаңа материал­дарда үлкен кемшіліктер бар. Жол салу, тұрғын үй құрылысы салаларында деген­дей. Бізде шешім үнемі асығыс қабылданады. Мұның бәрі сырттан әке­лінген жаңа технологияның біздің өңірге жарамды-жарамсыздығын немесе жаңа материалдың бізде пайдалануға төзімді-төзімсіздігін зерттемеу, соны зерттейтін кәсіби білікті мамандардың аздығы секілді мәселелермен тығыз байланысты. Демек, мамандар әзірлеп, сырттан келетін технологияны зерт­тейтін бір салалық зертхана ашу керек. Ол кейін сол материалдың қолданысына да тыйым салуға мінездеме бере алады. Сонда отандық сапалы өнертабыстар олардың орнын басар еді. Бірақ ескі, зиянды технологияға нарық заманы деп қазір ешкім тыйым сала алмайды. Сондықтан осының бір тетігін ойластыру керек.




Көрілген: 2771    Пікірлер: 0

сейсенбі, 26.06.2012, 11:35

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31