Қайта вакциналау омикронды тоқтата ма?

28 желтоқсан 2021, 19:03

Грузия билігі омикрон штамының тез тарауына алаңдап отыр. Коронавирустың бұл түрін жұқтырудың алғашқы дерегі 20-шы желтоқсанда тіркелсе, бүгінде оны 50-ден аса адам жұқтырған. Мамандар қаңтар айының соңында Грузияда індеттің алтыншы толқыны басталуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі үшінші вакциналау мерзімін қысқартты.

Енді PFIZER мен AstraZeneka вакциналарын алғандар жарты жылдан кейін емес, үш ай өтісімен үшінші екпені салдыра алады. Қытай вакциналары үшін де осындай мерзім белгіленді.

Татьяна Мелик-Марутова, Тбилиси қаласының тұрғыны: – Бүкіл отбасымызбен тамызда екпе салдырдық, екінші екпені қыркүйек айының басында жасадық. Алты айдан кейін, наурызда үшінші екпе алуды көздеп едік. Бірақ «омикронның» тез тарауына байланысты денсаулық сақтау министрлігі үш айдан кейін үшінші екпе салуға кеңес берді. Өзіміз бен баламызды қорғап қалу үшін Жаңа Жылдық мейрам алдында екпе алуды шештік.

Үшінші екпені елдің 32 мыңдай тұрғыны алып үлгерді. Дәрігерлер мұны жаңа штамнан сақтану амалы дейді. Бір аптада омикрон штамы елдің 51 тұрғынында анықталды. Арасында 5 бала бар, ең кішісі не бары үш жаста.

Амиран Гамкрелидзе, Грузия аурулар мен қоғамдық денсаулықты бақылау орталығының жетекшісі: – Қаңтар-ақпан айларында үшінші екпеге сұраныс көп болады. Бустер - «омикронды» жеңудің тиімді жолдарының бірі. Маска тағуды да ұмытпауымыз керек. Қазір бұл ережені тек халқымыздың 38 проценті орындап жүр. Бұл тым аз. Егер маска тағу көрсеткішін 85%-ке жеткізсек, бұл сәуір айына дейін 2 мың адамды ажалдан сақтап қалады.

Грузия халқының 30 процентінен астамы толық вакциналанды. Алайда дәрігерлер 60 проценттік көрсеткішке жетуді мақсат еткен еді. Ауру жұғу саны азайғанымен, өлім көрсетікші әлі де жоғары. Күніне бұл дерттен 70-тен аса адам қайтыс болуда. Қаңтар айының соңында індеттің жаңа толқынын болжап отырған эпидемиологтар халықты екпе жасауға шақырды. Бұл әсіресе мейрам алдында өзекті болып тұр, өйткені елде мерекелік шаралар өткізуге тыйым жоқ.

24.kz