Карантинге қарсы болған белсенді коронавирус жұқтырды
АҚШ-та "Солтүстік Каролинаны ашыңдар" атты наразылық шарасының белсендісі Одри Уитлок коронавирус жұқтырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lenta.ru-ге сілтеме жасап.
Белгілі болғандай Одриде коронавирус белгілері байқалмаған.
"СОVID-19 талдауы оң нәтиже көрсеткен, алайда ауру белгілері жоқ пациент ретінде мен тағы бір мәселеге тап болдым. Ол -үйде емделу. Бұл жұқпалы ауру болғандықтан, мен екі апта бойы үйде болуға мәжбүрмін", - дейді белсенді.
News & Observer басылымының ақпарынша, Одри Уитлок басқа пікір білдіруден бас тартқан. Мәселен ол жақында Солтүстік Каролина штатындағы Роли қаласында өткен жаппай наразылық шарасына қатысқаны туралы сұраққа жауап бермеген.
Карантиндік шараларға қарсы белсенді ReOpen NC (Солтүстік Каролинаны ашыңдар) қауымдастығын сәуірдің басында құрған. Одри Уитлоктың Солтүстік Каролинада өткен акциясына 400-ге жуық адам жиналған, қатысушылар биліктен карантинді алып тастап, жұмысқа шығуға рұқсат беруін талап еткен.
Қалыпты өмірге оралуды сұраған наразылық толқыны АҚШ-та 19 сәуірде өтті. Жүздеген америкалықтар Кентукки, Мэриленд, Мичиган, Огайо, Техас және Висконсин штаттарында митингке шықты. Наразылық білдірушілер жұмысына оралуды талап етіп, конституциялық құқықтарының бұзылғанын мәлімдеді.