Ресейде тіс дәрігеріне барып тісін жұлдырған студент жігіт көз жұмды. Қазіргі уақытта ресейлік денсаулық сақтауды қадағалау мекемесі мәскеулік стоматологиялық клиниканы тексеріп жатыр.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Московский комсомолец» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, 17 жастағы студент тісінің қатты ауыратынын айтып шағымданған. Оның беті ісіп кеткеннен кейін, Мәскеудегі клиникалардың біріне жүгініпті. Тіс дәрігері пациенттің тісін жұлып, орнын тазалап, тексерілу керегін айтып, дәрілер жазып береді.
Алайда студент жігіт клиникадан шыққаннан кейін жұлдырған тісінің орны қатты қансырай бастапты. Нәтижесінде оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізіп, жасанды комаға түсірген. Алайда дәрігерлер жігітті тірілте алмады. Жігіт тісін жұлдырғаннан бір ай өткеннен кейін көз жұмды.
Қараша айының басында Ресейдің денсаулық сақтауды қадағалау мекемесі тергеу комитетімен бірге Мәскеудегі стоматологиялық клиникалардың сапасы мен қызметін, сонымен қатар студент көз жұмған аурухананы тексеруді бастады.