Порошенконың Украинаға оралуына не себеп?

18 қаңтар 2022, 01:51

Петр Порошенко Киевке қайтып оралды. Украинаның бесінші Президенті болған Порошенко былтыр "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша күдікке ілінген. Қылмыстың бұл түріне мүлікті тәркілеу және 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

Киевке Варшавадан ұшып келген экс-президентті әуежайда құқық қорғаушылар тұтқынға алған жоқ. Порошенконы 4 мыңға жуық жақтасы күтіп алды.

 

Петр Порошенконы Украинада мыңдаған жақтасы күтіп алды, олар «Порошенко біз біргеміз»,- деп ұрандатты.

 

Атап өту керек, Украинаның мемлекеттік тергеу бюросы мен қауіпсіздік қызметі Петр Порошенко мемлекетке опасыздық жасады және Донбасс өңіріндегі лаңкестік ұйымдардың қызметіне көмектесті деп күдіктеніп отыр.

 

Дей тұрғанмен, Варшавадан Киевке таңғы тоғызда ұшып келген экс-президент әрі ірі кәсіпкерді құқық қорғаушылар ұстаған жоқ.

 

Петр Порошенко, Украинаның экс-президенті:

 

- Мы с вами вместе, дякую!  

 

Алексей Бебель, адвокат, халықаралық заңгер:

 

- Соттың шешімі бола тұрып, құқық қорғаушылар әуежайда оны тұтқындаған жоқ. Мұны мемлекет тарапынан жасалған оң шешім деп бағалаймын. Өйткені мыңдаған адам оны бүгін Киевте қарсы алды. Мұның үстіне Порошенко өз еркімен елге оралды және сот ғана саясаткерге қатысты үкім шығара алады. Болжам бойынша – оны түрмеге отырғызбайды, тек үйқамаққа алуы мүмкін. Үлкен кепілдік төлеп, тергеу басталғанша бостандықта қалатын шығар. 

 

Сарапшылар Порошенконың елге оралуын кезекті саяси дағдарыстың басталғанымен байланыстырады.

 

Дей тұрғанмен, мемлекет тарапынан заңгерлер Порошенкоға қатысты тағылған айыптаулар «өте әлсіз» деген пікірде.

 

Алексей Бебель, адвокат, халықаралық заңгер:

 

- Оның кінәсін дәлелдеу үшін көп жұмыс атқарылуы тиіс. Құжаттар мен аудио жазбалардың жалған еместігі процессуалдық жолмен жиналуы тиіс. Яғни Порошенконың қылмысы нақты айғақтармен сотта дәлелденуі тиіс.

 

Порошенко бір ай бұрын 17 желтоқсанда Киевтен Ыстамбұлға ұшып кеткен болатын.

 

Украинаның мемлекеттік тергеу бюросы оппозиционерге сотқа шақыру қағазын бермек болған, бірақ Порошенко тергеушілерді елемей, құжатты қабылдамады.

 

Бүгін таңертең елге оралған Петр Порошенко Украинаны аралап, жұртпен кездесетінін мәлімдеді және өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

 

 

 

24.kz