Үздіктердің үздігі

28 желтоқсан 2010, 12:56


Жылдың үздік спортшысы – Елена Хрусталева
2010 жылдың үздік спортшысы – сөз жоқ, биатлоншы Елена Хрусталева. Жыл басында Ванкуверде өткен ХХІ қыс­қы Олимпиада ойындарында бұл қызымыз екінші орын алып, 15 шақырымдық қашықтықта күміс медаль же­ңіп алды. Қазақ елінің қысқы Олимпиада ойындарынан жүл­де ала алмай, жабығып жүргеніне табаны күректей 12 жыл болған. Арманға айналған сол жүлдені Елена ару әпер­ді. Сондықтан сырттан келсе де, Хрусталеваны үздік деп танымасқа амалымыз жоқ. Әйтпесе Ольга Рыпакова да осындай атаққа лайық еді. Біріншіден, өз қызымыз. Екін­шіден, Дохада (Катар) өткен жабық иммараттағы әлем чемпионатында үш қарғып секіруден жеңімпаз атанды. Үшіншіден, әлем кубогының жеңімпазы және «әлемнің ең үздік жеңіл атлеті» атағынан үміткерлер тізімінде бел ортада болды. Төртіншіден, XVI жаз­ғы Азия ойындарында 1 алтын және 1 күміс алды (үш қарғып секіруден және ұзын­дыққа секіруден). Светлана Подобедова және Майя Манеза сынды ауыр атлет екі аруы­мыз­дың да жеңістері қос-қостан болды. Екеуі де әлем чемпионы атанып, екеуі де XVI жазғы Азия ойындарында жеңімпаз атанды. Қазақ қыздары ішінен Зәуреш Байбосынованы атап өткіміз келеді. Зәуреш биыл әлем кубогының кезеңдік сайыстарының бірінде бірінші орын алып, XVI жазғы Азия ойындарында да алтынмен апталды (бірақ командалық сында).

Жылдың үздік бапкері – Энвер Түркелери
Біздің пікірімізше, 2010 жылдың ең үздік бапкері – ауыр атлеттерімізді баптап жүрген түрік маманы Энвер Түркелери. Осы маман келгелі Қазақстан ауыр атлеттері халықаралық аренада үстемдік құра бастады. Олимпиада шыңын да бағындырдық, әлем чемпионаттарында топ жарып жүрміз, Азия ойындары мен чемпионаттарында да алтынмен апталып, күміспен күптеліп жүрміз. Саф алтынды қос-қостан, үш-үштен алатын дәрежеге жеттік. Толағай қыз-жігіттеріміз әлем рекордтарын да жиі жаңартады.
Басқа да білікті бапкерлеріміз баршылық. Әйтсе де бүгінде Эдуард Айрихтей ерен жетістікке жетумен қатар, қазақ жастарын да тәрбиелеуді ұмытпайтын сұңғыла мамандар тым аз... Бас бапкерлердің көбісі жетістікке төте жолмен жетуді көксеп, легионерлерге иек артып, тазы болып шалып жүр.

Жылдың үздік командасы – регбиден әйел­дер арасындағы Қазақстан құра­масы.
Биыл регбиші қыздарымыз Қытайда өткен Азия чемпионатында орын алып, төрт айға жуық уақыттан соң Азия ойындарының чем­пиондары атанды. Валерий Поповтың шәкірт­тері бір жылда осындай екі елеулі жетістікке қол жеткізді. Ал ел мақтаған «Астана» ве­ло­клу­бы ұлт намысы та­ра­зыға тартылған маңызды додаларда тізгінін тар­тып жүр. Үздік вело­спорт­шыларымыз Азия ойын­дары сияқты төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға бармай қала­ды, ал барғандары қалың көштің ішінен шыға алмай, шаң қауып жүр. Бұл командада ел на­мы­сынан гөрі басқадай мүд­де­лер жоғары қойы­латын сияқты.

Жылдың «жұлдыз» спортшысы – Илья Ильин
Бұл аталымда соңғы жылдары Сыр өңірінің толағайына бәсекелес бола алатын спортшы табылмай тұр. «Жұлдыз» спортшымыз биыл да жұлдыздығымен жиі көзге түсті. Тіпті бір сәт Ильинді спортшы ретінде жо­ғалтып алғандай көріндік. Жыл басында өз үлгісіндегі сән­ді киімдер шығарумен айналысса, көп ұзамай дауы­сының жоқтығына қарамастан, «Қазақстан» теле­ар­на­сының «Екі жұлдыз» жобасына қатысты. Тіпті мемлекеттік қыз­меттегі үлкен орындардың біріне де отырғысы келе­тінін жасырмайтын. Журналистерге сұхбат бергенде де өзін «жұлдыз» ретінде ұстауға тырысатындай ма дейсің. Бір сөзбен айтқанда, Илья Ильин ақырындап шоуменге айналып бара жатқан сияқты. Дегенмен бір қуантатыны, жан-жақтылығымен көзге түсіп, «Алаш айнасының» «жыл­дың «жұлдыз» спортшысы» атағын алған тола­ғайы­мыз спорттық бабын жоғалтқан жоқ. Оған Азия ойын­дарында иеленген алтын медалі куә.

«Жылдың ашылуы» – Данияр Елеусінов
Шыны керек, бұған дейін Данияр Елеусіновті бокстың ай­наласында жүрген азғана адамдар тобы болмаса, көп­шілігі 20 жастағы талантымызды таны­май­тын. Ал биыл Да­нияр­ды тек еліміздің бокссүйер қауымы ғана емес, бүкіл Қазақстан, ол-ол ма, бүкіл Азия таныды. Міне, бір жылдың ішінде осындай таны­мал­ды­лыққа ие болған Данияр – жыл­дың ашылуына лайық бірден-бір спортшы. Жыл ба­сында ел чемпионы таны­лып, жыл соңында Азия ойын­да­рының жеңімпазы атан­ған саңлағымыз болашақта Олим­пиада чемпионы ата­нады деп үміттенеміз.

«Орындалған арман» - Нұрбол Жұмасқалиев
Футболшы Нұрбол еліміздің алтын медалін 10 жыл са­рыла күтті. Он жыл бір ғана командаға адал болып, тек сол командамен ел чемпионы атануға талпынды. Алайда әр­кез жолы болмай, бірде екінші, бірде үшінші орынды қанағат қылып қала берді. Енді, міне, «Тобылмен» бірге 10 жыл ел біріншілігінің алтын медалін күткен Нұрбол Жұ­мас­қалиев ақыры арманына жетті. Сөйтіп, «Тобылды» чемпион қылып, миссиясын орындаған Нұрбол Қос­та­най­дан Астанаға қоныс аударды.