Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қазақстан енді ешкімге бағынбайды!

17 қараша 2022, 21:47

Жыл басында екі елдің арасында соғысы оты лап еткенде мен Ресейге қарасты Башқұртстанда едім. Ол кезде Башқұртстанға тікелей рейс болмағандықтан Мәскеу арқылы бардық. Көршілес елдің ұшағына отырғаннан бастап: Вас встречает Великая Россия, город герой Москва  деп ұрандата жөнеледі.

Жылдар бойғы саясаттың нәтижесінде олар өздерін ұлы, батыр деп санайды. Бірақ қарапаайым адамдарының жүзінен үрей сезіледі. Халқының көзінде қорқыныш, алаң, көңіл-күйлері мәз емес.
Ертеңгі күндері бұлыңғыр. Сөйте тұра, жергілікті халықпен тілдесе қалсаң, "бізге бұл соғыс керек, біздің жарқын болашағымыз үшін соғысуға мәжбүрміз" деген жаттанды сөздерді жиі естисің. Мәскеулікті былай қойғанда, дәл осылай ойлайтындай, башқұрт, татарларға не көрінді деймін да. Қайта олар өз тәуелсіздіктерін неге дауламасқа? 


Путиннің біраз жылғы идеологиясының нәтижесі орасан екені байқалады. Жергілікті интеллегенциясының, көзі қарақты адамдарының айтуынша, ресейліктердің 60-70 пайызы не үшін екенін өздері түсінбесе де, соғысты жақтайды.
Бірде уфалық дәрігермен сөйлесіп қалдық. Әлгі кісі маған: "Қазақстанды бұрыннан Ресейдің саясатын қолдаушы, интернационалды мемлекет ретінде білуші едім. Кейінгі кезде қазақ тілі үшін даурығатын ұлтшылдар, ұйымдар көбейіпті" деп біздің сайттарды, желілерді бақылап отыратынын айтты.
Мен ол кісінің ойын дұрыс түсінсем, "Сендерге ана тілі, еркіндік деп жыртылудың қажеті не, тып-тыныш бізді қолдап, бағынып жүре бермейсіңдер ме дегендей әсер етті.
Шамам келгенше әлгі адамға қанша армандаса да КСРО қайтып келмейтінін, Қазақстан әлдеқашан тәуелсіз екенін, 30 жылда буын ауысып, жаңаша ойлайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын жетесіне жеткізуге тырыстым. Әңгімеміздің соңында ол кісі маған Уфада тұратын қазақпен емес, нағыз қазақстандық қазақпен пікір алмасқанына алғысын айтып, мені көлігінен түсіруге асықты.

Айнұр  Сенбаева