Мәселе

Жұртшылық көкейіндегі түйткілдердің түйінін тарқатқан жолдау

  • Жұртшылық көкейіндегі түйткілдердің түйінін тарқатқан жолдау

    Жұртшылық көкейіндегі түйткілдердің түйінін тарқатқан жолдау

Қазақстан халқы жыл сайын Мемлекет басшысының Жолдауын асыға күтеді. Өйткені Жолдау еліміздің ішкі және сыртқы саясатының бағыт-бағдарындай. Болашақта атқарылар келелі істердің арнасы айқындалып, қоғамның дамуына тың серпін береді. Жолдауда айтылған нақты тапсырмалар атқарушы билік органдары үшін еліміздегі түйткілді мәселелердің шешімін табу жолында жүйелі жұмыс атқаруының айнымас бағдары. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында пандемияның салдарынан әлемнің болмыс-бітімі жаңаша қалыптаса бастаған аумалы-төкпелі кезеңдегі атқарылар істердің өзегін айқындап берді. Әлемді дүрбелеңге салған індетпен күрес жолында жасалған ауқымды істер мен елдің көкейінде жүрген көп сұрақтың нақты жауабын осы жолдаудан табуға болады. Ең алдымен мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру, жауапкершілік, барлық азаматқа түсінікті жобалардың форматы, атқарылған жұмыстың нәтижелі болуы, мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіру жолында мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігі, білікті, бастамашыл мамандардың қажеттігі, мемлекеттік қызметтің ашық болуы жөнінде айтылды. Бұл салада жасалатын реформалар жүйелі түрде жүзеге асса нәтижесі де орасан болары анық. Жаңа жағдайдағы экономикалық даму жолдарынан бастап, Қазақстанның әрбір азаматының өмір сүру сапасын арттырып, құқығының қорғалуы үшін заңды күшейтіп, қоғамда қалыптасқан келеңсіздіктермен күрес күшейетіні, оның нақты жолдары мен іске асырылу тетіктері де көпшіліктің көңілінен шықты. 

Экономиканың дамуы – елдің дамуы. Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жолдауда бұл тақырып «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму» бөлімінде кеңінен қамтылды. Экономика елдің еңсесін тіктеп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналып, ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктердің әділ бөлінуі тиіс екені баса айтылды. «...Еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек: Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау, мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу. Бұл ретте біз бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы. Міне бұл айтылған қағидалар, экономиканың нақты бағыт-бағдарына, көздеген межесіне айналуы тиіс.

Әлемді жайлаған індеттін кесірінен өнеркәсіп, шағын және орта бизнес көп зардап шекті. Бұл ретте кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдауға барынша көңіл бөлінуде. Соның арқасында жұмыс жанданып, отандық өнімдерді экспортқа шығару бұрынғыдан да ілгерілей бастады. Жолдауда экономиканың зардабын оңалту үшін 700 мыңнан астам салық жеңілдіктері берілгені де айтылды. Олардың төлем мерзімі кейінге шегерілген. «Ұлттық банк көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін арнаулы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұған дейін бұл бағдарлама биыл аяқталады деп жоспарланған еді. Қазіргі күрделі ахуалға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның аясын кеңейтуді тапсырамын. Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құнын 800 миллиард теңгеге дейін жеткіземіз», – деп атап өтті жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қоғамның дамуына кесе-көлденең тұрып, кедергі келтіріп, бітеу жарадай сыздаған жемқорлықпен күрес, қай кезеңде де маңызды. Мемлекет басшысы жолдауда қоғамда азаматтардың қауіпсіздігіне жіті мән беріліп, заңның үстемдігі орнауы тиіс екеніне де тоқталды. Әділетті мемлекет құру жолында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы даму жолындағы басты қағида деуге болады. Азаматтардың мәселесін әділ шешу жолында құқық қорғау және сот жүйелеріне реформа керектігі де айдан анық. Бастысы адам тағдырына алаңдау. Тағдыр жолында жаңылысқан талай пенде, сүрініп кетіп опық жеп жүргені анық. Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу жолында жаңа тәсілдерді қолдану керектігі кезек күттірмес мәселе. Қазір сот саласының қызметкерлері мен полицияның қоғамдағы беделі төмендеп кеткені анық. Көптеген азаматтар ең басты парақорлық осы салада болады деген түсінікте екені жасырын емес. Ол пікірді түбегейлі өзгерту үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керек. Азматтар құқын қорғау сеніп тапсырылған сала адалдықтың ақ жолынан айнымағанда ғана қоғамның пікірі өзгеріп, сенім пайда болады. «Жұртқа жақын полиция» қағидасы да осы түйткілдің түбегейлі шешілуінің айқын жолы. Қылмыстық істерді ашуда бейнебақылаудың көмегі көп. Осы тұрғыдан көптеген жерге бейнебақылау орнатылғанымен, түзету мекемелері мен полиция кеңсесі орналасқан ғимараттарға бейнекамера орнатылмаған. Мемлекет басшысының назарынан бұл мәселе де тыс қалған жоқ.

Көптеген түйткілдердің түйінін тарқатып, шешілу жолдарын қарастырған жолдау жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Мемлекеттік деңгейдегі ауқымды мәселелермен қатар жеке адам тағдырына байланысты айтылған қағидалар әрбір азаматтың жанына жақын екені белгілі. Отбасы, жеке адам тағдыры мемлекеттің басты құндылығының бірі. Жұртшылық көкейіндегі көп сұрақтың жауабы айтылған жолдау ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Өйткені елдің өзекті мәселелері түгелге жуық қамтылды деуге болады. Мемлекеттік мәселеден бастап, жеке адамды алаңдатқан, отбасылық түйткілдерге дейін жан-жақты қозғалды. Қазіргі таңда әр ата-ананы ойландырған жағдай балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы, білім алуы. Балаларға жасалып жатқан зорлық-зомбылық бүгінгі таңда асқынып тұрғаны әмбеге аян. Алаңсыз өткізер балалық шағында тепіреш көріп, қатігездіктің құрбаны болған бүлдіршіндер қанша ма? Осындай қылмыстардың көбейіп кетуі қазір әрбір ата-ананың алаңдаушылығына айналды. Президент осы жағдайға байланысты жемқорлық пен педофильдерге кешірім беруге, олардың мерзімінен бұрын босап шығуына жол жоқ екеніне де ерекше тоқталды. Олар жазасын қатаң тәртіптегі мекемелерде өтеп, құқық қорғау саласында мұндай іске немқұрайлы қараған қызметкерлер қатаң жазаланатынын ескертілді.

Қашықтан білім беру кезінде Үкімет тарапынан кеткен қателіктер сын садағына ілінді. Әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқтығы қозғалып, оқыту, білім беру барысында арнайы платформа әзірлеп, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау керектігі қозғалды. Оқушыларға ауыл мен қалада оқудың айырмашылығы болмауы керектігі кезек күттірмес мәселе. Сондай-ақ тек дарынды оқушыларға қолдау көрсету әлеуметтік теңсіздікті ұлғайтып, ара-жіктің ашылуына жол беретіні де назардан тыс қалмады. Білім беру жолында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздардың еңбекақысы келесі жылы тағы да 25 пайызға артатыны мұғалімдер қауымына қолдаудың жалғаса беретінін білдіреді. Білімді ұрпақ елдің болашағы жарқын болуының кепілі. Сондықтан білім саласына бөлінетін қаржы болашақ үшін салынатын инвестиция. Президенттің сапалы білім беруді емес, диплом үлестіруді ғана мақсат тұтқан оқу орындарын жабу туралы былтыр берген тапсырмасын Премьер-Министрдің тікелей өзі бақылауға алу керектігін тапсырды.

Денсаулық саласында жасалатын реформалар да өзекті. Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайының төмендігі, еңбекақысының аздығы денсаулық саласының құлдырауының басты себебі деуге болады. Бұл мәселе жөнінде «Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» – деді Мемлекет басшысы. Жолдауда отандық фармацевтика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық инфрақұрылымды дамыту, алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдері, медицина мекемелерінің қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі сияқты денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер түгелге жуық қамтылып, шешілу жолдары тапсырылды.

Отбасы мемлекеттің басты құндылығы. «Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Әр отбасының өзегі – ұрпағы, басты байлығы – баспанасы екені белгілі. Жолдауда қазіргі демографиялық жағдай, баспана кеңінен қозғалды. Келесі жылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бір бөлігін азаматтарға баспана алуға, емделуге жұмсау үшін пайдалануға мүмкіндік берілуі жұртшылық арасында кеңінен талқылануда. Бұл қазіргідей қиын жағдайда тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен мүмкіндік тудырары анық.

Жалпы биылғы Жолдауда елді мазалаған ірілі-ұсақты мәселелер түгелге жуық қамтылды. Әр азамат өз жағдайына, өз саласына қатысты айтылған жағдайларды талқылап, болашақ жоспарларын құрып келер күнге деген сенімін бұрынғыдан да нықтай түсті.

 

Нұрлы Еділов




Көрілген: 472    Пікірлер: 0

жұма, 04.09.2020, 21:23

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31