Қарағандыда сауда үйі бір айда 7 мәрте карантин талабын бұзған
Қарағанды қаласының полиция және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері бір ай ішінде сауда үйінде санитарлық нормалардың жеті рет бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 
Қарағанды қаласы ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері СЭС өкілдерімен бірлесіп күн сайын санитарлық нормалардың сақталуын тексеріп, жұмыс жүргізеді.
 
Алайда, сауда үйлерінің бірінде Қарағанды облысының бас санитар дәрігері белгілеген нормалар ескерілмейді.
 
«17 қазанда полицейлер мен СЭС қызметкерлері жәрмеңке өткізілген сауда үйінің аумағында карантин ережесін бұзудың бес фактісін анықтады. Мысалы, 3 сатушы сүт және шұжық өнімдерін өлшеп оралмаған күйінде сатқан. Сонымен қатар, олардың бірінде маска болмады. Сондай-ақ, екі сатушы дайын тағамды бетперде мен қолғапсыз сатты. 20 қазан және 28 қазан күндері осы сауда үйіндегі рейд кезінде полицейлер мен СЭС қызметкерлері карантин нормаларының бұзылғанын анықтады &ndash мұнда батут орталығы жұмыс істеген», - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
 
Барлық фактілер бойынша әкімшілік материалдар жасалып, олар шешім қабылдау үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.