Мәселе

Мырзалиннен Маржықпаевқа қалған «мұра». Көкшетаудағы «ит тірлік» жайлы

  • Мырзалиннен Маржықпаевқа қалған «мұра». Көкшетаудағы «ит тірлік» жайлы

    Мырзалиннен Маржықпаевқа қалған «мұра». Көкшетаудағы «ит тірлік» жайлы

Ұмыт қалған аудан

Көкшетауда қала орталығына жақын жерде жұрт «Собачий хутор» деп атап кеткен шағын аудан бар. Аты айтып тұрғандай, бұл жер ит байласа тұрғысыз күйге түскен. Жетпіс жыл бұрын салынған жер үйлердің әбден тозығы жетіп, құлауға шақ тұр. Жергілікті билік ондаған жылдар бұрын ауданды сүріп, тұрғындарға басқа жерге қоныс аударатындарын айтқан. Алайда, әлі ештеңе өзгерген жоқ. Azattyq Rýhy тілші атышулы ауданға барып қайтты.

«ЕКІ БАЛАММЕН БІРГЕ ТҮБЕРКҮЛЕЗБІН»

 «Мұнда кілең кемпір-шал мен жағдайы төмен көп балалы отбасылар тұрамыз. Шамамен үш жүзге тарта үй бар. Мен отбасыммен осы жерде тұрғаныма он жылдан асты. Қалада үй қымбат. Бағасы арзан болған соң, ауылдағы жиған-терген мал-мүлкімізді сатып әупірімдеп жүріп алған едік. Қазір баспанамыздың жартысы жердің астына бір метрге жуық кіріп кеткен. Топыраққа батып бара жатырмыз. Жылда хал-қуатымыз жеткенше жамап-жөндеген боламыз. Бірақ, бірнеше күнде-ақ сылақтары қопарылып түсіп жатады. Жаңбыр жауса болды үйімізге дейін су кіреді.

Ал көктемде су тасқыны кезінде қызыл судың астында қаламыз. Мен екі баламмен бірге туберкулезбен ауырып шықтым. Үйдің іші түгел сыз. Сатайын десек сата алмаймыз. Жылжымайтын мүлік сататын агенттіктерге кіріп те сатпақ болдым. Бірақ олар да «Мұндай үйлерді алмаймыз» деп ат-тондарын ала қашады. Жанынан үй салуға да рұқсат берілмейді. Бірақ кейбіреулер өздері үшін рұқсат болмаса да үй салып алған. Ал, сүрілген жағдайда оған заңсыз айыппұл да салынатын көрінеді», - дейді қала тұрғыны Назгүл Қапарова.

Ауданда қоқыс төгетін контейнерлер де жетіспейді. Содан айнала күл-қоқысқа толып кеткен. Тұрғындар коммуналдық қызмет көліктері мүлдем келмейтінін айтады. Есесіне, «Көкше Тазалық» ай сайын, ақша сұрап түбіртек жібереді.

«ЕКІНШІ БӨЛМЕНІҢ ҚАБЫРҒАСЫ ОПЫРЫЛЫП ҚҰЛАҒАН»

Назгүлдің сөзін көршісі Индира да растады. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасының жағдайы мүшкіл.

«Мен Өзбекстаннан келген оралманмын. Алғашында бір бөлмелі жатақхана алған едік. Бала-шағамыз көбейген соң, оны сатып жер үй алдық. Қазір төрт балалы көп балалы отбасылардың бірімін. Сегіз жастағы кіші балам мүгедек. Баламды қарайлағандықтан жұмысқа да шыға алмаймын. Жолдасым «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейді. Бәріміз осы қуықтай бір-ақ бөлмеде тұрамыз.  Ас үйіміз де, жатын орнымыз да осында.

Екінші бөлменің қабырғасы опырылып құлаған. Архитектураға барып мән-жайды айттық. Келеміз деген, екі аптадан асты әлі келген жоқ. Үйге кезекке тұрыңыз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жеңілдікпен берілетін тұрғын үй аласыз дейді. Бірақ, мына үй атымда болған соң бізді кезекке де тұрғызбайды. Былтыр су тасқыны кезінде Болат Өтемұратов біршама көмек берген. Біз қала әкімін де, депутатты да ешқашан көзімізбен көрген емеспіз. Мүлде ұмыт қалған сияқтымыз», - дейді Индира.

МЫРЗАЛИННІҢ ЖАУАБЫ  

Тұрғындар осы уақытқа дейін де бірнеше мәрте жергілікті билікке арыз-шағым жеткізген. Мәселен, екі жыл бұрын 2018 жылдың 14 желтоқсанында сол кездегі облыс әкімі Мәлік Мырзалинге де «Собачий хутор» жағдайы туралы сұрақ қойылды.  Экс-әкім бұл бір күнде шешілетін шаруа еместігін, бекітілген жоспар болуы керегін алға тартқан.

«Расында да «Собачий хутор» ауданындағы ескі үйлерді сүру бір күнде бітетін шаруа емес. Қазіргі уақыта бізде толық жайғастыру жобасы бар. Бірақ ол түзету кезеңінде. Тек бекітілгеннен кейін ғана құрылыс салу үшін инвесторларға ұсынылатын болады. Өз кезегінде инвесторлар жер учаскелерінің иелерімен сату-сатып алу келісімшартын жасауы тиіс. Мұндай мысалдар Көкшетауда жетерлік. Мәселен, Әуезов, Гагарин, Әбілқасымов көшелеріндегі жер учаскелері көп қабатты үйлер салу үшін жекеменшік құрылыс салушылармен сатып алынған, - деді Мәлік Мырзалин.

БЮДЖЕТТЕН ҚАРЖЫ ҚАРАЛМАҒАН

Екі жыл өтсе де баяғы жартас сол жартас. Көкшетау қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Тәшметовтің айтуынша, ескі үйлерді сүруге бюджеттен қаражат әлі қарастырылмаған. Ол мәселенің шешімімен бөлісті.

«Жекеменшік құрылыс салушылар тұрғын үй иелерімен келісімшарт жасасып, жер учаскелерін сатып алуы керек. Бірақ, үйлердің бағасын қымбат қойды ма, әзірге үйлерді сүруге қызығушылық танытқан құрылыс компаниялары болмады. Биыл бірнеше үй сүрілуі тиіс. Жалпы бұл аудан аумағында шамамен 126 гектар жердегі үйлер сүрілуі керек. Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жерде көп қабатты тұрғын үйлер салынбақ.

Шамамен бес жылдың ішінде шағын аудандағы үйлерді сүру мәселесі шешімін табады деп ойлаймын. Құлағалы тұрған үйлерге келсек, егер осы үйлердің иелері үйдің шын мәнінде апатты жағдайда екенін растайтын техникалық тексерістен өткізсе, сол үйлерді бұзып дәл сол мөлшерде баспана салуларына болады. Ол үшін тұрғын үйдің иелері жекеменшік ұйымдарға техникалық тексерістен өткізуге өтініш беруі тиіс, - дейді Бауыржан Тәшметов.

Тақырыпты зерттеу барысында қаланың тазалығына жауапты «Көкше Тазалық» кәсіпорны басшысына, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшыларына хабарласып көрдік. Бірақ, бөлім басшылары мен орынбасарлары байланысқа шықпады. Қалалық әкімдік бөлім қызметкерлері коронавирус инфекциясының таралуына байланысты карантинде екенін жеткізді.

P.S Материалды жазып аяқтап болғанда қала тазалығына жауапты «Көкше Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жауап келді. Мекеме тұрғындар тазалық сақтамайды деп шағынды. Ауданға апта сайын келіп, қоқыс шығаратындарын да жеткізді.

«Біз аптасына екі рет бекітілген кестеге сәйкес, сәрсенбі және сенбі күндері аталған аудан көшелеріндегі қоқыстарды шығарамыз. Аптасына бір мәрте ірі тұрмыстық қалдықтарды да тасимыз. Қоқыс контейнерлері тұрғын үйлердің санына сәйкес елу адамға бір контейнерден орналасқан. Тұрғындар күнделікті қалдықтардан бөлек тұрмыстық заттарын, жаққан отын-көмірінің күліне дейін төгеді. Сондықтан, контейнерлер бірден толып қалады. Қаланың барлық өңірінде дәл осындай жағдай. Біз тіпті, белгіленген мөлшерден артық көлемде қоқыс шығарамыз. Бұл бізге шығын келтіреді, - дейді «Көкше Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Әлия Әлдешова.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы


 




Көрілген: 503    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 01.07.2020, 21:57

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31