Мәселе

Өскемендегі жүрек тебіренткен оқиға...

  • Көрнекі фото: invalidimir.ru

    Көрнекі фото: invalidimir.ru

Өскемен қаласында көпшіліктің жүрегін елжірететін оқиға орын алды. Жас жігіт той алдында жол апатына ұшырап, мүгедек болып қалған сүйіктісімен шаңырақ көтерген. Ерекше той туралы KAZ.NUR.KZ-ке бойжеткеннің жақын туысы айтып берді.


 Айдана есімді келіншек бұл ғашықтар көпшілікке үлгі екенін айтады.


"Мен Перизаттың туыс әпкесімін. Сіңілім студент кезінен Сабыржанмен кездесіп жүретін. Екеуі бірге оқу бітіріп, армандаған жұмыстарына орналасты. Жастардың сезімдері пәк, ниеттері түзу болатын. Екеуі төрт жылға жуық жүрді. Сабыржанның әкесі мезгілсіз дүниеден өткенде, Перизат жанынан табылып, сүйіктісіне қолдау білдірді. Жігіттің анасы да, туыстары да өте жақсы кісілер. Менің сіңілімді өздерінің жақындарындай көрді", - деді ол.


Өткен жылдың күзінде жас жігіт сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасаған екен. 24 жастағы Перизат келісімін беріп, отбалық өмірге дайын екенін білдіріпті.


Болашақ құдалар той уақытын белгілеп, дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Бойжеткенді ата-анасы көктемде қолдан ұзататын болған.


Алайда, аяқ астынан орын алған жол апаты өскемендіктерді есеңгіретіп тастапты.


"Қараша айында Перизатты көлік қағып кетті. Апат орын алған сәтте сіңілім жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп кетіп бара жатқан. 19 жастағы жас жігіт рөлге ие бола алмай қалыпты. Оның үстіне жолдың тайғақтығы әсер еткен көрінеді. Бір сәтте сіңілім қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.

Дәрігерлер аман қалуының өзі белгісіз екенін айтқан. Аллаға шүкір, жаны аман қалды. Кеудесіне, омыртқасы мен аяғына ота жасалды. Қиын кезде Сабыржан жанымыздан табылып, бәрімізге қолдау көрсетіп жүрді", - деді өскемендік келіншек.

Перизат ауруханада екі айдан астам уақыт жатқан екен. Ағзасы жас болғандықтан, жарақаттары тез жазыла бастаған. Бірақ арудың аяғы қатты зақымдалған. Перизаттың аяғына темір салынып, ол тізесін бүге алмайтын жағдайға жеткен. Тізедегі зақым салдарынан балдақпен жүруге мәжбүр болған.


"Үлкендер жиналып, тойды кейінге шегеру мәселесін талқылай бастадық. Оның үстіне Сабыржан ойынан айнып қала ма деп қорыққанымыз да рас. Алайда, болашақ күйеу баламыз керісінше, той белгіленген уақытта болатынын айтып, уәдесінде тұрды. Перизат, көпшіліктің алдына балдақпен шығуға ұялатынын айтса да, күйеубаламыз сүйіктісін өз дегеніне көндірді", - дейді кейіпкер.

Перизаттың ұзату тойы наурыз айында өткен. Бойжеткен "Ақ жолмен" өткенде жас жігіт көтеріп жүрген екен. Бұл жағдай тойға жиналған ағайынның жүрегін елжіретіп, арасында көз жасына ерік бергендер де табылған.


"Сабыржанның анасы өте көрегенді, мейірбан кісі екен. Текті жерден шыққанын таңы бір дәлелдеді. Ұлына мүгедек болып қалған қызды келін етіп алуға рұқсат беріп, ғашықтарды айырмады.

Үйлену тойында тілек айтқан кезде, Сабыржанның өзі түрегеліп тұрды. Перизатқа орнынан көтерілмеуге рұқсат берілді. Сіңілімнің анасы қайта-қайта жыласа да, бұл қуаныштың көз жасы болатын.

Үйлену тойына келгендердің барлығы Сабыржанның қайсарлығына тәнті екенін білдіріп жатты. Қазіргі заманда мұндай адалдық көп кездесе бермейтіні рас қой. Бұл жастардың махаббаты бәрімізге үлгі боларлықтай", - деді Өскемен қаласының тұрғыны.

Той біткеннен кейін, Сабыржан сүйіктісін Ташкенте алып кеткен екен. Ол жақтағы дәрігерлер Перизаттың аяғына ота жасаған.


Бүгінде бойжеткеннің денсаулығы әжептәуір жақсарған. Болашақта өз күшімен жүре алады деген үміт бар.


Айта кету керек, автокөлікті басқарған жүргізушіге ғашықтар кешірім берген екен.




Көрілген: 2532    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 03.04.2019, 11:32

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31