Шыныдан шыққан баланың кәдімгі баладан айырмасы жоқ
Қазақстан халқының саны – 17 миллион, ал қазақтың саны 11 миллион адамға жетті деп бөркімізді аспанға атып жатқан кезде, өз елімізде 300-350 мың отбасының бедеуліктің азабын тартып жүргенін ашық айту қажет. Олар да қазақтың санын көбейте алады, егер... Мәселен, экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгінген ондай отбасыларда егіз, тіпті үшем туған жағдайлар бар. Демек, бедеулікке душар болған қазақстандықтардың барлығы ата-ана бақытына бөленіп жатса, Қазақстан халқының саны тағы 1 миллионға көбейе түсер еді.
Роберт Эдвардсқа – мың алғыс!
Негізі, экстракорпоралды ұрықтандыру (оны халық арасында «шыныда өсіру» деп те атайды – авт.) туралы айтқан кезде, ағылшынның физиолог ғалымы Роберт Эдвардстың ерен еңбегін атап өтпеске болмайды. Себебі соның арқасында алғаш рет бедеулік мәселесі шешіліп, қолдан ұрықтандырудың негізінде Луиза Браун есімді қыз бала дүние есігін ашты. Қазір оның жасы 35-те. Содан бері әлем бойынша аталған технологияның арқасында 4 миллионға жуық нәресте туды. Биыл 88 жасқа толған ғалым өмірден озды. Алайда оның жолын қуып, ізін басқан ғалымдар баршылық. Солардың бірі – Алматыдағы «Экомед» клиникасының жетекшісі, биология ғылымының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова. Оның бастамасымен Қазақстанда алғаш рет қолдан ұрықтандыру әдісі іске асты. Бүгінде ол баланың жасы 17-ге келді. Міне, осыдан бастап елімізде мыңдаған нәрестенің іңгәлаған дауысы көптеген отбасыны ана мен әке бақытына бөледі. С.Байқошқарова болса сол балалардың «кіндік шешесі» атанды. Оның айтуынша, Р.Эдвардс болмағанда, әлем бойынша миллиондаған отбасы әлі күнге дейін бедеуліктің азабын тартатын еді. Әйгілі ғалымның еңбегін бағалай отырып, бүгінде Қазақстанның медицина қызметкерлері Роберт Эдвардс атындағы халықаралық төсбелгіні әзірлеуді ұсынып отыр. Ондай мәлімдемені Астанада өткен «Бедеулікті анықтау мен емдеудегі өзекті мәселелер. Қосалқы репродуктивті технологиялар» тақырыбындағы V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР ұлттық медицина қауымдастығының президенті Айжан Садықова жария етті.
Бедеулікті жеңуге болады
Гүлнар КҮЛКАЕВА, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:
– Қазір елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет тарапынан тегін квота да беріледі. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын 100 квота бөлінсе, ағымдағы жылы оның саны 600-ге дейін жетті. Ал 2015 жылға қарай қолдан ұрықтандырудың тегін қызметі 750-ге дейін жеткізіледі.
Алайда кәсіби мамандардың сөзіне қарағанда, бүгінде оның өзі аздық етіп отыр. Себебі дәл қазір Қазақстанда 300-350 мың отбасы бедеуліктің азабын тартып жүр. Олардың 30 пайызы тегін квотаға зәру. Мемлекет болса олардың барлығын қамти алмай отыр. Себебі мемлекеттік қызмет бойынша бір экстракорпоралды ұрықтандырудың бағасы 737 мың теңгені, яғни 5 мың долларды құрап отыр. Алайда Израиль сияқты озық медицинаның орталығына айналған елде ондай қызметтің бағасы 2,5-3 мың доллардан аспайды. Бір қызығы, сол жерде қолданылатын дәрі-дәрмектер бізде де бар. Мәселе мынада, Қазақстанда бюджеттің ақшасы тым қымбат ем-домға жұмсалады. Ал Израиль мен Жапония сияқты елдерде қарапайым әдіспен қолдан ұрықтандыру жұмысы бірнеше күннің ішінде атқарылып, онымен халықтың да, бюджеттің де қыруар қаражаты үнемделеді.
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, биология ғылымының докторы, репродуктолог-эмбриолог:
– Бүгінде әлем бойынша қолдан ұрықтандырудың саны жағынан Израиль көш бастап тұр. Себебі ол жақта бір отбасыда кем дегенде екі бала тумайынша, барлығы экстракорпоралды ұрықтандырумен қамтылған. Қазақстанда ондай жүйе жоқ. Бізге жыл сайын шамамен 6-7 мың цикл өткізіп тұру қажет. Қазір Жапонияның Като клиникасында бір жылда 25 мың цикл жасалады. Олар наркозсыз қарапайым технология бойынша істейді. Ондайда халық көп шығындалмайды да.
Негізі, қазақстандық отбасыларға ондай қызметті өз ақшасына да пайдалануға болады. Дегенмен оның бағасы жарты миллион теңгеге дейін барады. Себебі клиникалардың басым бөлігінде жаңа әрі қымбат дәрі-дәрмектер қолданылады. Ал Израиль мен Швейцария дәрігерлері менагон сияқты препаратпен қолдан ұрықтандыру жұмысын оп-оңай жасап жүр. Оның бағасы да қазіргі «супер дәрілерден» екі-үш есе арзан. Бұдан басқа, бізде әлі күнге дейін тым көп анализдерді талап етеді. Дамыған елдерде сифилис, ЖҚТБ, рубелла, гепатит В мен С болмаса, қолдан ұрықтандыру жасала береді. Қазақстан болса әлі күнге дейін посткеңестік медицинадан шыға алмай, уреаплазма, хламидия, микоплазма тағы сол сияқты ондаған вирустарды іздейді. Оған да біраз ақша кетеді. Осылайша бізде бедеуліктен бел де, белбеу де кетеді. Өкінішке қарай, Кедендік одақ та экстракорпоралды медицинаға өз пайдасын тигізген жоқ. Былайша қарағанда, одақ аймағында медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектердің бағасы бірқалыпты болуы шарт. Алайда ондай жеңілдіктер ешбір байқалмайды.
Бүгінде дәрігерлердің көбі еркектердің бала туғызу қабілетінің нашарлап бара жатқаны туралы жиі айтады. Әрине, белсіздікке әсер ететін факторлар баршылық. Қоршаған орта, тамақтану, жыныстық қарым-қатынасқа ерте түсу, жүйкенің жұқаруы, түсік жасау, жұқпалы аурулар – бәрі-бәрі бедеулікке әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Мамандар ұялы телефондардың да еркектер үшін зиянды екенін ескертіп отыр. Бүгінде әлемнің көптеген елінде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге ұялы телефонды ұстауға рұқсат жоқ. Себебі оның толқыны ерлердің бала туғызу қабілетіне зиян келтіреді. Сосын бедеуліктің азабын тартып жүрген азаматтардың көбі қолдан ұрықтандыру арқылы дүниеге келген баланың денсаулығына қатты алаңдайды. Қазіргі зерттеулерге сәйкес, ондай балалардың патологиялық ауытқулары кәдімгі табиғи жолмен туған балалардан аспайды. Ал ата-аналардың айтуынша, экстракорпоралды ұрықтандыру жолымен дүниеге келген балалар басқаларға қарағанда зерек болып келеді. Әрине, оның барлығы бедеулікті емдейтін дәрігердің кәсіби дайындығына байланысты.