Баламды сот арқылы қайтарып алуыма бола ма?

25 маусым 2014, 14:36

Мен осыдан бес-алты жыл бұрын қаржылық қиындықтарға байланысты суррогат ана болуға келісім беріп едім. Қазір бала беске толды. Жағдайым да жақсарды. Оның үтіне баламды асырап алғандар қазір ішімдікке салынып жүр деп естідім. Қанша дегенмен ішімнен шыққан бала ғой, оны сот арқылы қайтарып алуыма бола ма?
Гүлжан, Атырау облысы
Бұл сұраққа Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының мүшесі, белгілі заңгер Кәрібай Тасшабаев жауап береді:
–Әрине, болады. Бұл былай. Біріншіден, ол азаматшаның отбасылық жағдайы жақсы болуы тиіс. Егер басында баспанасы болып, баланы асырап, тәрбиелеуге шамасы толық жетсе, сот баланы туған анасына қайтаруға шешім шығарып бере алады. О үшін әлгі әйел сотқа арыз беруі керек, судья одан ай сайынғы жалақысының қанша екендігін анықтайды, кіріс-шығысын есептейді, егер материалдық жағдайы баланы бағып-қағуға жететін болса, онда баланы қайтарып алуға болады. Бұл ретте ол әйел кем дегенде 60-70 мың айлық алуы керек. Баспанасы да міндетті түрде ескеріледі. Бірақ ол үшін асырап алған ата-ананың бала тәрбиесіндегі кем-кетігін жіті зерттеп, арызда көрсету керек. Егер олардың ішімдікке салынғаны, дұрыс тәрбие бермегені, басқа да жағымсыз әрекеттері сотта дәлелденетін болса, онда қайтарып алу қиын емес. Сот олардан баланы алып туған анасына беру үшін де бір негіз, бір себеп керек қой. Әйтпесе, қазіргі баланы асырап отырған ата-ананың отбасылық жағдайы жақсы, ешқандай кінәраты жоқ, тату-тәтті өмір сүріп отырса, онда сот туған анасының арызын қараудан бас тартуы да мүмкін. Сондықтан бұл мәселені бір жақты емес, жан-жақты, кешенді түрде зерттеп барып, оның шешімін айтқанымыз дұрыс.