Тағылым

Ескі әндерді естен шығармай, жаңа патриоттық әндерді жаттап жүрейік!

  • Ескі әндерді естен шығармай, жаңа патриоттық әндерді жаттап жүрейік!

    Ескі әндерді естен шығармай, жаңа патриоттық әндерді жаттап жүрейік!

Ұлы Отан соғысы жылдары өрімдей жастар, жігерлі жігіттер, айбынды ел ағалары майданға аттанғанда оларды Ұлы Жеңіске жетелеп, намыстарын жани түсуде рухты әндердің маңызы күшті болғаны анық. Ал тылда қалған әйелдер қауымы майдандағы жарларына, әкелеріне, аға-інілеріне деген сағынышын әнге қосып, бесіктегі сәбилерін мұң мен үмітке толы жырлармен тербетті. Бүгінде сонау қаһарлы жылдарда және одан кейін де туған соғыс жайлы ән-жырлар өнер тарихының үлкен бір кезеңін қамтитын інжу-маржанға айналды. Міне, Ұлы Жеңіске 67 жыл толып отырған қазіргі таңда сол туындылардың кейбірі уақыт өте келе көмескіленіп, бүгінгі ұрпақтың санасынан өше бастаса, енді бірі сөнбес жалындай жүректерде сақталып келеді.
Соғыс жайлы тек фильмдерден көріп, үлкендерден естіген әңгімелерден, кітап­тардан оқып, білген ұрпақтан соғыс туралы әндерді сұрасаңыз, көбінесе Ұлы Отан соғысының әнұранына айналған «Свя­щенная война», «Катюша», «В землянке», «Синий платочек», «День Победы» секілді белгілі орыс әндерін тізбектей бастайды. Ал майданда туған немесе соғыс тақы­рыбын арқау еткен қазақ әндерінен ең бі­рінші болып ауызға ілінетіні – Р.Елебаевтың «Жас қазағы» мен М.Төлебаевтың «Кестелі орамал» әндері. Ал кейіннен туған әндер­дің қатарында «Әлия» мен «Соғыстан қайт­қан солдаттар» әндері ел құлағына әбден сіңісті болып қалған. Алайда бізде осы аталған әндерден басқа соғыс жайлы ән жоқ екен деген түсінік болмауы тиіс. Тек сонау сұрапыл жылдарды ән мен жырға қосқан ақын-сазгерлердің шығармаларын тыңғылықты зерттеу, насихаттау кемшін түсіп жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ұлы Жеңістің 65 жылды­ғында Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов біршама еңбектеніп, майдан тақырыбын­дағы әндерді жинақтап, концерт ұйымдас­тырған болатын. Осы концертте Әйткеш Толғанбаевтың «Түн сарыны», Ғали Әбе­новтің «Жауынгер сағынышы», Мәлік Жап­пасбаевтың «Сәлем», Смағұл Көмек­баев­тың «Майданға» әндері мен М.Ибраевтың Бауыржан Момышұлының сөзіне жазылған «Аңсау» романсы сияқты бұрын-соңды ешкім естімеген 14 ән орындалды. Нұрғали ағаның айтуынша, бір ғана Әсет Бейсеуов­тің өзі соғыс тақырыбына арнап 22 ән жаз­ған. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің со­ғыс туралы 10 шақты әні бар көрінеді. Одан басқа Ә.Еспаев, С.Мұхамеджанов, Б.Байқадамов, Ш.Қалдаяқовтардың да азат­тықты аңсаған, өршіл рухты ту еткен шығармалары жетерлік. Сондықтан біз әр жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесінде «Әлия», «Батыр Бауыржан», «Менің Мәншүгім», «Жас қазақ», «Дубосеково зиратында», «Болмасын соғыс, болмасын», «Сөнбесін, әже, шырағың» әндерін шырқап, өз мерейімізді өзіміз көтергеніміз абзал. Қазақ халқының майталман әншілері Әлібек Дінішев, Роза Рымбаевалардың репертуарынан ойып тұрып орын алатын соғыс, май­дан тақырыбындағы әндер, патриоттық әндер өнерде жүрген кейінгі жастарға да үлгі болса екен дейміз.
Қарасай САЙЖАНОВ, композитор, дирижер:
– Мен бала кезімнен соғыс жайлы әндерді тыңдап өстім. Өзімнің әкем де – майданға қатысқан адам. Соғыс, Ұлы Жеңіс жайлы рухты әндерді ата-анам және олардың майдандас достары ыл­ғи шырқайтын. Өне бойыңды шымырлататын шығармалар шырқалғанда со­ғыс деген суық ызғар жүрегіңді қа­рып өткендей болады. Адам баласының кез келген көңіл күйін жеткізуде әннің құ­діреті шексіз ғой.

Мен өзімнің «Батыр Бауыржан» ән­ім­ді жеті айдай жаздым. Қайсарлығы хал­қына аңыз болып, рухының асқақ­тығы дұшпа­нын тұқыртқан батыр бабамыз жайлы ән жазу, әрине, оңай шаруа емес. Алайда қа­зақ халқында кез келген пат­риоттық әнге арқау боларлық тұл­ғалар көп. Біздің мақ­сатымыз – ос­ын­дай өр тұлғалы батырлары­мыздың ер­лігін әнге арқау етіп, ұрпаққа насихаттау.
Егеменді елде бақытты ғұмыр кешіп жат­қан бүгінгі ұрпақ Отанға, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін патриоттық әндермен ай­шық­тай түссе, рухымыздың аласармайтыны анық. Ендеше, ескі әндерді есімізден шы­ғармай, жаңа патриоттық жырларды жат­тап жүруге тырысайық. Бүгінде екінің бірі орындайтын мән-мағынасыз әндер қазақ эстра­да­сының абыройын төмендетіп тұр­ған шақ­та отаншылдық рухты биіктетер ана тіліміздегі патриоттық әндерге деген зәру­лік бай­қалады. Болашақта әскердегі және әскери оқу орындарындағы ұланда­ры­мыз мағына­сы терең, әуені рухты ән­дер­мен шерулесін деп тілейік. Жер бетіндегі ты­ныштықты қару­дың үні бұзбасын, әлемді соғыстың өрті шар­пымасын! Әр шаңы­рақта шаттық әні шырқалып, қуаныш күйі төгілсін!




Көрілген: 3604    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 09.05.2012, 08:20

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    18 Мамыр 2012
    Сүлеймен бидің асы
    14 Қыркүйек 2011
    «Әудемжердің» әуресі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31