Тәуелсіздік әкелген ең басты жетістік деп нені айтар едіңіз?

14 желтоқсан 2013, 13:23

Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ, экономист, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуни­ка­циялар академиясының профессоры:
– Тәуелсіздік әкелген басты жетістік – халықтың өзін еркін сезінуі. Бұрынғы замандармен салыстырғанда, халқымыз өз ойын, өз пікірін тікелей айта алатындай деңгейге жетті. Еліміздің экономикасы қарыштап, қадам басып жатыр. Саяси еркіндік бар, енді оны нағыз азаттыққа ұластыру қажет. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанды дүниежүзі таныды. 1991 жылы мен Еуропаны аралаған кезімде Қазақстан деген мемлекет бар екенін ешкім білмеген еді. Қазір «Президент Назарбаев» деген кезде шетелдіктер «О, Қазақстан!» деп бірден танып жатады. Астананың бой көтеруі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз, халықаралық ұйымдарға қосылуымыз, әлемдік мәселелерде Қазақстан ұсынысының ескерілуі – егемендіктің ауыз толтырып айтатын басты жетістіктері. Енді алдымызда келе жатқан EXPO-2017 көрмесі де егемендігімізді паш етеді деп толық сенемін. Келешекте еркіндігімізді экономикалық дамумен жалғастырып жатсақ, Тәуелсіздігіміз баянды болады. Отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыра беруіміз керек. Ауыл шаруашылығы көрсеткіштері жақсарып, елімізде әр азаматтың өз үй-жайы болуы тиіс. Тарихи көршілеріміздің ескі психологиясынан арылуымыз керек. Ресейдің біздің жерімізден ғарышқа ұша отырып, Арқаның төсін былғап жатқаны, ол жайлы бізді менсінбей сөйлеуі көңілді қынжылтады.

Мүсілім ӘМЗЕ, ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Н.Тілен­диев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің дирижері:
– Тәуелсіздік қай кезде де қастерлі ұғым болған қазақ үшін. Маған бұл еңсесі биік, кеудесі басылмаған, рухы асқақ заманға оралатын мүмкіндіктің бастауындай көрінеді. Ең басты жетістік – ой азаттығы. Кейінгі толқын біздей бодан елдің соңын, Тәуелсіз елдің басын көрген ұрпақтай емес, азат елдің арманы, асыл азаматы боп өседі. Сол ұрпаққа Тәуелсіздік атты ұлық ұғымның қасиетін ұқтыру – бізге міндет. Аталар тартқан азаптың, аналар көрген қисапсыз қасіреттің зардабын бір сәт те ұмытпай, солардың санасына сіңіре беру керек. Тарихымыздың таңдаулы беттерін таңбалаған туын­ды­ларды көбірек насихаттап, жадын жаңғыртып отыру – парыз. Әр саладағы көркем шығармаларға бәйге жариялап, олардың таралуына да ықпал етсек, жақсы болар еді. Тәуелсіздікке негіз болған Желтоқсан оқиғасының тарихтан алар орны да ерекше ғой. Бұл қос ұғым бір-бірімен тығыз байланысты. Дирижер ретінде композитор Ермұ­рат Үсеновтің қазақ оркестріне жазған «Желтоқсанға арнау» поэмасын жоғары баға­лай­мын. Бұл – осы тақырыпқа барынша шынайы жазылған шығармалар қатарынан ойып орын алатын кесек туынды. Келешек ұрпақтың кемелденуіне зор ықпал ететін, ғасырлар сүзгісінен өткен ұлтымыздың музыкалық мұрасын ұлықтайық. Сол ата-бабалардың төгілген қаны мен терінің өтеуі боп келген Тәуелсіз Қазақ елінің бақытты болашағы баянды болғай!

Орденбек МАЗБАЕВ, Қазақ географиялық қоғамы ғылыми кеңесінің хатшысы, геогра­фия ғылымының докторы, профессор:
– Ғылымда көп жетістікке жеттік. 2011 жылы Оңтүстік полюстің ашылуына 100 жыл толуына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Антарктидаға тұңғыш қазақстандық экспедиция ұйымдастырылды. Ол Қазақстанның Антарктида келісімшартына қосылуын және Оңтүстік полюсте Қазақстан стансысының ашылуын көздеген еді. Бұл – әлемдік маңызы бар үлкен оқиға. Мұндай шараны екі елдің бірі ұйымдастыра бермейді. Қазақстанды әлемдік аренаға таныту мақсатында басқа да көптеген шаралар атқарылып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, істелген, қол жеткен шаралардың кейде одан ары бармай, аяқсыз қалатын жағдайлары бар. Мысалы, Антарктидаға жасалған саяхаттың кейінгі жұмыстары жауапсыз қалды. Қолға алынған, басталған ғылыми жұмыстар аяғына дейін жетуге тиіс. Алдымызда EXPO-2017 көрмесі келе жатыр. Қазақстанды дүниежүзі тани түсуі керек, еліміз өзінің әлемдегі орнын айқын көрсете алуы қажет. Сол үшін экспедициялар, ғылыми-танымдық мақсаттағы іс-әрекеттер, азаматтардың жауапкершілігі керек. Егемендік жылдарынан бері қолға алынған қыруар ғылыми жобаларға қолдау қажет. Ол жұмыстар ары қарай дамуы керек. Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Оны халқымыз жылдар бойы сарыла күтті. Сол себепті біз Тәуелсіздікпен бірге келген жетістіктерді еселеп арттыра беруіміз қажет, тоқтап қалуға болмайды. Бұл – әрбір ғалымның, әрбір жастың міндеті. Барды жоғалту оңай, қалпына келтіру қиын.