Абыройымызды асқақтатқан Ақ Азиада
Биылғы жыл ел спортының тарихында алтын қаріптермен жазуға тұрарлық жылдардың бірі болды. Халықаралық аренадағы жетістіктеріміз аз емес. Солардың ең бастысы, қазақ жерінде тұңғыш рет Ақ Азиада додасы өтті. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында өткен қысқы Азия ойындарын тағы бір мәрте көз алдымыздан жүгіртіп өтсек.
Бұрынғы одақтастар бізге қарап бой түзей бастады
Алдымен алты жылға кейін шегініс жасайық. Азия олимпиадалық кеңесінің мүшелері қысқы Азия ойындары жағрафиясын кеңейтуді қолдап, қазақ еліне сенім артты. Сөйтіп, 2006 жылдың 5 қаңтарында, Кувейтте өткен алқалы жиында VII Ақ Азиада додасы Алматы қаласына сеніп тапсырылды. 2007 жылы қазан айының аяғында Азия ойындары бағдарламасындағы біраз додалар Астана қаласында өтетін болып шешілді. Бұл күн сайын көркейіп келе жатқан Астанамыздың беделін өсіру мақсатында қабылданған шешім еді. Осылайша, Сарыарқаның төсінде сәулетті қаламыздың бой көтеріп келе жатқандығын барша әлемге паш ету мүмкіндігіне ие болдық.
Әлбетте, әу баста біраз қобалжығанымыз рас. Өйткені осындай ірі спорттық шараны Орталық Азия мен ТМД елдері арасында бірінші болып біз өткіздік. Осы жағынан алғанда бұрынғы одақтастарымыздың алды болдық. Тіпті мұсылман елдерінің арасында да Ақ Азиаданы өз жерінде алғаш өткізген ел біз екенбіз. Бұл біздің іргеміздің берік қаланғанын, экономикамыздың қарыштап, әлеуметтік жағдайымыздың алға басқандығын білдіреді. ТМД-нің кейбір елдері бізге қарап бой түзейтін жағдайға жетті. Содан соң олар да қарекет жасауға көшіп, Украина Польшамен бірігіп, футболдан 2012 жылғы Еуропа чемпионатын қабылдайтын болды. Қарап қалғысы келмеген Ресей де бұдан кейін «қамшыны басты». Сөйтіп, 2013 жылғы дүниежүзілік қысқы Универсиаданы және 2014 жылғы қысқы Олимпиаданы және 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатына «ауыз салды». Қарап тұрсақ, бұлардың қай-қайсысы болмасын, бізден үлгі алып отырғанына көз жеткіземіз.
Ашылу салтанатына әлем тамсанды
Ақ Азиаданың ашылу салтанатының өзі – бір тақырып. 30 қаңтар күні кешкісін елордамыздың «Астана-Арена» стадионында шымылдығы түрілген Ақ Азиаданың ашылу салтанаты сол сәтте-ақ бүкіл әлемге таралды. Салт атты 24 сарбаз ежелгі сақ киіміндегі жауынгерлердің қолынан Ақ Азиада алауын қабылдап, одан соңалау сахнаға орнатылған қазандықта тұтатылғанда стадиондағы көрермендердің де, теледидарға телміргендердің де орындарынан тік тұрып, қол соққандарын көргенбіз.
VІІ қысқы Азия ойындары «Астана-Арена» стадионында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Қазақстанның арнайы шақыртуымен Қырғыз Республикасы Президенті Роза Отынбаева, Әбу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян, Азия олимпиадалық кеңесінің (АОК) президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах және Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге келіп қатысты. Мұның өзі әлгі тұлғалардың қазақ еліне деген ілтипаты екені анық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Ақ Азиаданың ресми ашылғанын жариялаған сәтте:
– Олимпиадалық ойындар бүгінде ел мен халықтар арасындағы достықтың алтын арқауына айналды. Байырғы байтақ мекенде бізді Азиада рухы жақындастыра түседі деп сенемін. Ойындардың ұраны – «Мақсаты бірдің – рухы бір». Спортта шекара жоқ, ол халықтарды бауырластырады. Біз жаңа ғана Азия олимпиадалық кеңесі туының көтеріліп, спорт саңлақтары мен төрешілердің ант беру рәсіміне куә болдық. Мен дүбірлі додада әділдік үстем болып, хас жүйріктің бәйгеден келуін тілеймін. Қазақ жеріндегі Азиаданың ізгілік алауы достықтың мәңгі жалауына айналсын», – деп атап өтті.
Үш сағаттай уақытқа созылған ашылу салтанатында театрландырылған үлкен шоу-қойылым басынан аяғына дейін қазақ халқының сақ дәуірінен бастау алатын ықылым заманғы тарихынан сыр шертуге арналды. Көпшілікке таңдай қаққызған шоу ұлттық нақышта өтті. Шараның режиссері Алексей Сеченовтің айтуынша, Азиаданың ашылу салтанатына деп, бұрын-соңды еш жерде пайдаланылмаған арнайы трюктер, жетік әдістер, арнайы эффектілер ойлап табылған көрінеді. Қалай болған күнде де, биік мақсатты қазақ халқының ұмтылысы сәтті шықты. Бас-аяғы үш сағатқа созылған салтанатты шараны 40 бейнекамера түсіріп тұрды. 30 мың адамдық «Астана-Арена» стадионынан көрермендерге 27 мың орын бөлінді. Қалған 3000-ына декорация орнатылды. Жалпы, әлемді аузына қаратқан режиссерлердің өзі Астанада өткен Ақ Азиаданың ашылу салтанатына таңдайларын қақты.
Азиададан қалған ареналар
Сонымен, абыроймен Ақ Азиада ойындарын да шығарып салдық. Эстафета таяқшасын Жапонияның Саппоро қаласына ұстаттық. Есесіне, естелікке рекордтар мен ел игілігіне пайдаланып отырған ареналарды алып қалдық.
Жалпы, Астана мен Алматы қалаларында өткен дүбірлі додада біздің спортшылар барлығы 70 медаль жеңіп алды. Еншімізде – 32 алтын, 21 күміс, 17 қола. Азияның алпауыттарын шаңға көмдік. Тіпті екі рекорд жаңарттық. Бұған дейін қысқы Азия ойындарында осынша алтын алған ешбір ел жоқ. Осыдан 25 жыл бұрын Саппорода өткен І қысқы Азия ойындарында Жапония 29 алтын еншілеген еді. Қазақстан спортшылары ширек ғасыр бойы қаймағы бұзылмай тұрған осы рекордты жаңартып, 32 алтынға қол жеткізді. Сондай-ақ барлық медаль саны бойынша 70 жүлдемен жаңа рекорд тіркеді. 2003 жылы Аомориде өткен V қысқы Азия ойындарында Жапония 67 (24+23+20) медаль иеленген екен. Бұдан бөлек, Елордадағы «Алау» спорт кешенінде Азияның тоғыз рекорды жаңартылды.
Ал Ақ Азиададан мұраға қалған ареналарға келсек, Алматыдағы шаңғымен тұғырдан секіру кешені мен Талғардағы шаңғышылар мен биатлоншыларға арналып салынған стадион спортшылардың да, көрерменнің де көңілінен шықты. Фристайлшылар сынға түскен Табаған спорттық-сауықтыру кешеніне қызықпаған шетелдік маман жоқ. Шымбұлақ тау шаңғысы базасына да қызығып, Алатаудың баурайындағы спорт кешенінен шыға алмай қалған қонақтарымыз болды. «Медеу» мұзайдынын, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын қайта құрылымдаудан өткізіп, құлпыртып қойдық. Ал Астанадағы спорттық кешендер туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бір ауыз сын айтудың өзі – ұят.
Иә, Азиада өтті. Бірақ «шығарып салдық, бітті», екен деп, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Мұраға қалған ареналарда Әлем кубогы кезеңдерін өткізудеміз. Бір жылдың ішінде Шаңғымен тұғырдан секіру және конькимен жүгіру додаларын қабылдадық. Жаңа жылдан кейін допты хоккейден әлем чемпионатын өткізбекпіз. Келесі жылы биатлоннан да Әлем кубогының кезеңі қазақ жерінде өтуі мүмкін. 2013 жылы шаңғымен спорттық бағдарлаудан да дүниежүзілік біріншілікті өткізу жоспарда бар. Шынтуайтына келгенде, осының барлығы Ақ Азиаданы абыроймен атқарғандығымыздың арқасы. Егер «Сарықұрлық» додасын жоғары дәрежеде өткізбесек, халықаралық федерациялар қазақ еліне Әлем кубогы кезеңдерін сеніп тапсырар ма еді?! Тіпті 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарын өткізу мәртебесін жеңіп алғанымыздың өзі – Ақ Азиаданың жемісті еңбегінің нәтижесі. Қазақ елінің қаншалықты қарымды екенін байқаған Италияның Трентиносы біздің жанымызда жеңіске жетудің мүмкін еместігін білгеннен кейін өз кандидатураларын алып тастаған жоқ па?! Ал Дүниежүзілік студенттер спорты федерациясының президенті Клод Гальен мырза «сіздер тек Универсиаданы ғана емес, Олимпиада ойындарын да абыроймен өткізе аласыздар» деп бекер айтты дейсіз бе?! Ендеше, бүкіл Қазақстан халқын бір атаның балаларындай біріктірген Ақ Азиада додасы елімізге зор жеңіс әкелді деп айтуға толық негіз бар. Жақын болашақта Олимпиада ойындарын да қабылдаймыз деген сенім бар. Неге сенбеске?!.