Ет өңдеудегі ерекше қадам
Өсірген малды өткізетін жер таппай сабылатын кезең қазір артта қалған. Олай дейтініміз ауылшаруашылық өнімдерін өсірумен қатар өңдеу ісі барынша жанданып келеді. Сондай іргелі жобалардың бірі Талғар ауданы, Панфилов ауылында Аймақтық индустрияландыру картасы шеңберінде «Байсерке Агро» ЖШС-ның вакуумды орауышта блокты және ірі тілімді еттер шығаратын ет өндіру кешенінің жобасы жүзеге асырылып отыр.
Кешен құрылысын жүргізу кезінде 40 адам жұмысқа тартылса, пайдалануға берілгеннен кейін зауытта 32 адам тұрақты еңбек етпекші.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Байсерке Агро» ЖШС үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде мемлекет қолдауының арқасында іргесін кеңейтіп, өнімнің жаңа түрлерін шығаруға ден қоюда. Нарықта тоғыз жылдан бері тәжірибе жинап келе жатқан асыл тұқымды бұл шаруашылық жуырда ғана сүт комбинатын ашып, айран, сүзбе, ірімшік, сүт, йогурт секілді сүт тағамдарын ел игілігіне ұсынса, ендігі іске қосылғалы отырған ет өндіру кешені жобасы да ауыл шаруашылығының алға басуына сүбелі үлесін қоспақшы.
Шаруашылық өз иелігіндегі төрт түлікті асылдандыру ісін жолға қойғаннан кейін оны өңдеп нарыққа шығару қажеттілігі туындағанын, сонда ғана мал өсіру сияқты машақаты көп жұмыстың табысы да толымды болатынын жақсы түсінді. Сүт қана емес, ет өнімдерін де өңдеу ісін қолға алғаны да сондықтан. Сөйтіп, «Байсеркенің» бастамасы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржыландыруы арқылы жүзеге асып отыр.
Қазіргі кезде ет өңдеу комбинатында жаңа технологиялар орнатылып, іске қосылуға әзір тұр. Сөйтіп, жақын күндерде өзімізде өндірілетін халал азық-түлік тауарларын әзірлейтін кәсіпорындар қатарын тағы бір ет кешені толықтырмақ.
.jpg)