«Құқық саласы бойынша жоғары білім аламын!»
Әли Бекжанов болашақта заң саласының жоғары білікті маманы болуды мақсат етеді. Оның ойынша, жарқын келешек еліміздің құқықтық жағынан жетілуімен байланысты.
Әли 1991 жылдың 16 желтоқсанында Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Березняковка елді мекенінде дүниеге келген. Отбасындағы екі баланың кенжесі әрі жалғыз ұл. Краснояр ауылындағы орта мектепті тәмамдаған Әли Көкшетаудағы «Арна» колледжінде құқықтану мамандығы бойынша білім алды. Қазір Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон басқармасында қызмет етеді. Сонымен бірге А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде колледжде алған білімін сырттай бөлімде жалғастырып жатыр. Әли бала кезінен еркін күреспен әуестенеді, республикалық жекпе-жектерге де қатысып жүр.
Әли Бекжанов, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 2-курс студенті:
– Еліміз гүлденіп келеді. Оны халық сезініп отыр. Жұмысшылардың жалақысы көбейді. Тұрмыс деңгейі артып келеді, жұмыс орындары ашылуда, мемлекетімізде қазіргі заманға сай басқа да өзгерістер болып жатыр. Қазақстан бүгінде бүкіл дүниежүзіне танымал. Мен оқуымды аяқтап, ішкі істер саласында білікті заңгер ретінде қызмет етсем деймін.