Ынтымағы берік елдің іргесі бүтін

15 желтоқсан 2011, 12:38

Еліміз егемендік алып, нарық көшіне ілескен тұста ел экономикасы тоқырауға ұшырап, халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді. Бірқатар өзге ұлт өкілдері іргесін көтеріп, өздерінің тарихи отанына қоныс аударды. Бұл аумалы-төкпелі, өтпелі кезең болатын. Мұндай жағдаймен Кеңес Одағынан бөлініп, Тәуелсіздік алған барлық республика бетпе-бет келді. Елбасымыздың «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, жұмыс істеуінің нәтижесінде, Қазақстанның экономикасы жедел қарқынмен өсті. Халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріле бастады.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, Елбасы әлем­нің әр түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандаc бауырларымызды тарихи отаны – Тәуелсіз Қазақстанға көшіп келуге шақыр­ды. Арнайы заң қабылданды. Көшіп келген қандастарымызға материалдық көмек беріп, тұрғын үймен қамтамасыз етті. Қа­зақстан мұндай батыл қадамға барған әл­емдегі үш мемлекеттің бірі болды.
Ермек ХАСЕНҰЛЫ, Моңғолиядан келген оралман:
– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азат күнге жетіп, Тәуелсіздік туын көтерген  күннен-ақ Қазақстан басшысы Н.Назарбаев шетелдердегі қазақтарды елге ша­қырды. Алғашқыда жүрексінге­німіз рас. Артынан тәуекелге бас тігіп, Қазақстанға көшіп келген қандаста­ры­мызға жасалып жатқан қамқорлықты ес­тідік те, біз де отбасымызбен тарихи отанға көшіп келдік. Көшіп келісімізбен үй берді. Қора­мыз­ды да бос қоймай, бір сиыр мен он қой берді. Оған қоса ақша­лай да, азық-түлікпен де көмек беріп тұрды. Қазір жағдайымыз жақсы. Ал бүгінгі шетелдерден көшіп келіп жатқан қандастарға жасалып жатқан жағдай өте жақсы. Қазір көшіп келген оралман отбасының әрбір мүшесіне 150-200 мың теңгеден ақша беріп жатыр. Балалардың жоғары оқу орнына түсуіне жеңілдіктер беріп, мемлекеттік гранттар тағайындап отыр. Мен бір нәрсені түсіндім, егер сен қазақ болып туған екенсің, ендеше, сенің Отаның, сенің елің, жерің ол тек қазақ елі болуы керек. Біріншіден, шетте жүр­ген ағайын­ды елге шақырып, атажұртына көшіп келуіне көмектескен Елбасына алғысым шексіз. Қазір Қазақстанды әлем таныды. Мұның барлығы – мемлекеті­міз­дің дұ­рыс саясат ұстанып отырғанының жемісі. Атажұртқа келіп, бала-шағам осында тұ­рақтап, ел қатарлы жұмыс істеп жүр­ге­ніне қуаныштымын. Ендігі тілерім: елімізден береке кетпесін, Тәуелсіздігіміз тұ­ғыр­лы болсын!

Қазақстан экономикасы қарыштап өсе бастады. Өндіріс ошақтарының тамырына қан жүгірді. Бір кездері белең алған жұ­мыс­сыздық деңгейі төмендеді. Жалақы, зей­нетақы, әлеуметтік төлемдер өсті. Осы тұс­та 90-жылдардың басында елден көш­кен өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқының тұрмыс жағдайының жақсарғанын, эко­но­микасының өскенін, қазақ елінің ішкі, сырт­қы саясатының дұрыс бағыт алғанын көріп, болашағына сеніп, қайта көшіп келді.
Наталия КОСЫГИНА, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Әкем Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген. Ол 1950 жылдары Қа­зақ­станға қоныс аударып, мен осында туып-өскенмін. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары қайта құру басталып, нарықтың қатал заңы белең алды. Әркім өз күнін күйттеп кетті. Сондай аласапыран кезде үй-жайымызды тастап, Ресейге көштік. Ал­айда ол жақта да жағдай өте ауыр болды. Қазақстан жаққа құлағымыз ел­ең­деп тұратын. Екі елде болып жатқан жағ­дайды салыстырып отыратынбыз. Ре­сейде көп тұра алмадық. Қазақстанның жағдайы жақсарғанын көргеннен соң ба, жоқ әлде, туған жердің топырағы тарт­ты ма, әйтеуір, Қазақстанға мойнымызды соза бердік. Көп ұзамай Қызыл­ордаға қайта көшіп келдік. Қазақ халқы өте ме­йірімді, қонақжай халық қой. Бізді ешкім, ешқашан орыссың деп шеттетіп, қысым көрсеткен емес. Қазір көшіп кел­геніме өкінбеймін. Сол кезде өте дұрыс шешім қабылдаған екенмін. Қа­зақ­станның болашағына сенемін. Қа­зір­дің өзінде-ақ әлем таныды. Бұл елде түр­лі ұлт өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Ешқандай алауыз­дық жоқ. Бірлікпен өмір сүрген елде әр­қашан береке болады. Халыққа ең бірінші не керек? Әрине, тыныштық, жайлы өмір, тұрақты жұмыс қажет. Қазақстанда қазір осының барлығы бар. Мұның бар­лығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевтың дұрыс саясат жүргізуінің арқасы деп білемін.

Бахадүр ИКРАМОВ, Түркістан қаласының тұрғыны:
– Мен Түркістан қаласында туып-өс­кен­мін. Алайда 90-жылдары дүкен сөре­лері бос қалып, зауыт-фабрикалар жабылып, «өз күніңді өзің көр» қағидасы етек алған тұста абдырап қалдық. Осындай қиын-қыстау кезде көрші елде тұратын ағайындар «көшіп келіңдер» деп ауыз салып, біз де Өзбекстанға көш­тік. Дегенмен ол жақтағы жағдай бұл жақ­тағыдан да ауыр екен. Ол жақта жағдайымыз оңала қоймады. Қазақ­станда қалған ағайындармен хабарласып тұрдық. Көп ұзамай-ақ Қазақстан­дағы жағдай оңала бастады. Түркістан­дағы ағайындар да «қайтып келіңдер» деді. Сөйтіп, 2005 жылы қайтадан Қа­зақ­станға көшіп келдік. Киелі шаһар – Түр­кістан қаласына қайта қоныстандық. Базарға шығып, сауда жасадық. Халықта ақша болмаса, сауда жүрмейтіні белгілі ғой. Алғашқы күндері не болар екен деп, күмәнмен қарап едік, байқасақ, базарда адам қарасы көбейіпті. Яғни халықтың жағдайы жақсарған екен. Тұрмыс жағ­дайымыз күн санап жақсара түсті. Бүгінде төрт құбыламыз тең. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Сондықтан біз Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевқа алғыс айта отырып, бәріміз «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып», ол кісінің саясатын қолда­уымыз керек.

Бүгінде Қазақстан дамыған елдер керуеніне ілесті. Экономикалық даму көр­сеткіштерімен талай елді тамсандырып, талай мықтыны мойындатты.
Қазіргі таңда көрші елдер азамат­та­рының Қазақстан азаматтығын алып, осы елде тұруға тілек білдіруі Қазақстанның болашағының кемел екендігінен сыр шерт­се керек.
Иә, қазақ үшін халықтың санын көбейту – бүгінде ең маңызды мәселе­лердің бірі. Мұны Елбасымыздың Астанада өткен әлем қазақтары бас қос­қан ІV құрылтайда айтқан «Қазақ­стан – дүниедегі әр қазақтың құбыласы! Қа­зақ­стан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі еке­нін ешуақытта ұмытпауымыз керек» деген сөздерінен анық сезінуге болады. Егер біз бірлікте болсақ, өзге­лермен тату-тәтті ғұмыр кешсек, онда Қазақстанның болашағы бұдан да кемелдене берері сөзсіз.