10-15% қысқарту деген дүрмекпен шарасыз жұмыскер "жанып" кетпесе жарар еді
"Шаш ал десе, бас алатын" шолақ белсенділер болмай қоймайды. Әйтпесе, бұ заманға мұндай тіркес те жетпес еді...
Президенттің: "жыл соңына дейін: 10%, 2021 жылы: 15% қызметкерлерді ҚЫСҚАРТУ" тапсырмасын жалақтап жүріп, қуана атқаруға білек сыбана кірісер көп кісілердің қара тізімді толтырып, дайын отырары да белгілі.
Мұндайда, әр басшыға салқынқандылық, сабыр, айналасына жанашыр пейілі болуы керек. Тіпті, мекеме не атқарушы орын басшылары тұрмақ, осындай Ел басына күн туған алмағайып шақта, мемлекет қоржынындағы қаржылық үнемді жұртының жұтқыншағынан жырмай, бұйырған нәпақасынан қақпай, "қайда барсаң, сонда барып күнелт" деп, халқының (әр қызметкер -- адам халықты құрайды) бас-жібін жонарқасына лақтырып босатып жібермей, "басты Байлық -- Адам ресурсы" ұстанымына берік боп, әліптің аяғына дейін ҚАМҚОР болуға тиіс еді...
О бастан жұмыс орнына себі жоқ, бау-баққа біткен арамшөп сынды бірлі-жарым еріккен сөлтеңбайларды дөп басып қысқартуға алмаса... ал былай, 10-15% қысқарту деген дүрмекпен кей, жүк көтерген құмырсқадай -- қаранар не онсыз да қылдырықтай шарасыз жұмыскер жандар "жанып" кетпесе жарар еді, -- деген ой да қылаң береді, кейде?..
Ақ-Зия Жайлы
Фейсбуктегі парақшасынан