Депутаттар халықтың қалтасына қол салмай, өз есептерінен оқысын...
МАНДАТ КӨТЕРУДЕН БАСҚА ЖҰМЫСЫ ЖОҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫН 647 МИЛЛИОНҒА "ОҚЫТАМЫЗ" БА ЕНДІ?
Біздің министрлердің миларынан әлемдегі ең мықты деген сатирик-жазушылардың өздері ойлап таба алмайтын әңгімелерге "азық" болатын ұсыныстар шығады.
Мынаны қараңыздаршы. Еліміздегі Ұлттық экономика министрі Парламент Мәжілісіне келіп:
-Жарандар, бері қараңдар! - демесе де, естіген жұртты есінен тандыратындай жаңалық айтыпты.
Онысының мазмұнынын мәнзелдесек, былай боп келеді:
-Мәслихат депутаттарын даярлау (?) және қайта даярлау (??) және кәсіби біліктілігін артыру (???) қарастырылады. Ол үшін 647 млн (????) теңге бөлінеді.
Астапыралла! Бұл не?
Өстіп отырып "біздің елді кекетіп-мұқатты" деп қайдағы бір Боратқа өкпелейміз. Бірақ сол Бораттың аузына жұрт күлетін күлді-көмеш идеяларды өзіміз шайнап беріп отырғанымызды ұқпаймыз.
Сонда не, мәслихат депутаттарының ішіндегі шала сауаттылар үшін баяғы "ликбездерді" қайта тірілтуіміз керек пе?
Мәслихаттағы депутаттар даярлықты (?), қайта даярлықты (??) және кәсіби біліктілікті (???) неге халықтың, бюджеттің ақшасы есебінен "арттырулары" керек. Олар "халыққа қызмет етем" деп келіп отырған жоқ па мәслихатқа?! Халықтың есебінен күн көру, қыдыру, оқу-тоқу дегенге қашан тиым салынады осы? Ең болмаса, мына індет кезінде ес жияйық та!
Біле білсек, мәслихат депутаттарының бәрі (бірлі-жарымы болмаса) байлығы жөнінен "болғанмын", "толғанмын" деген жуан қарындар екенін кім білмейді? Ендеше, даярлықтан өтіп, кәсіби біліктілігін жетілдіргісі кеп, "желігіп" бара жатса, онда халықтың қалтасына қол салмай, өз есептерінен оқысын. Жөн сөз де осы!
Оның үстіне, олар депутат болар алдында "білімім жеткілікті, оқыған-тоқығаным да аз емес, сондықтан мәслихат мандатына қолым жетсе, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізем" деп, сайлаушыларына уәде берген жоқ па?!
Ұлттық экономика министрін айтам да, ау, егер ол ұлт экономикасына шын жаны ашитын азамат болса, дүниежүзін коронавирус індеті жайлап, бизнес саласы тоқырау кезеңіне тап болып, ел екі есті халде жүрген кезде, осындай ойсыз ұсыныспен шыққандарды, олардың артында отыраған мүдделі топтарды әшкерелеп, халықтың рахметін алмай ма қайта???!!!
"Қызық" дейміз бе енді мұны, "шыжық" дейміз бе? Құдайшылығын өздеріңіз айтыңыздаршы...
Көсемәлі Сәттібайұлы
Фейсбуктегі парақшасынан