Қазақстанды қазақ тілді қоғам мен орта өзгертеді

24 мамыр 2022, 16:36

Көптеген жылдар бойы, тіпті ғасырлар бойы қазақтың тағдырын басқалар шешіп келді. Арғысы Ресей империясы, бергісі Кеңес билігі. Әрине, түрлі деңгейдегі қарсыласу болмады емес, болды. Бірақ оның барлығы дерлік аяусыз жаншылды, басылды, тапталды.
91-жылдан кейін жағдай сәл өзгергендей болды. Бірақ біз, яғни қазақ тілді орта шынайы өзгерістерді жасай алатынымызды кейде ескермейтіндей көрінеді маған. Бүгін Олжас Сүлейменов партия құратынын жариялады, алдында Болат Әбілов те сондай бастама көтерді. Оған дейін де біраз азамат айтты. Қарап тұрсам басым көпшілігі орыс тілді азаматтар екен. Әрине, партия құру кім қай тілде сөйлейтініне қарап жасалатын саяси қадам емес қой, дегенмен бұл да ойландырарлық жайт сияқты.
Негізі Қазақстанды қазақ тілді қоғам мен орта өзгертеді. Кім не айтса да, шындық осы. "Желтоқсан 86" қазақ тілді орта жасады. Соңы қасіретті болған 2022-дегі газ мәселесін көтеріп шыққан да сол қазақ тілді орта. Яғни өзгерістердің қозғаушы күші ол қазақ тілді орта. Мен жүз пайыз сенімдімін, ел шетіне жау шапса да бірінші болып отанды қорғауға қазақ тілділер аттанатынына. Бұл орыс тілді орта "патриот емес" деген сөз емес, бұл қазақ тілді ортаның саны артып, қозғалыс пен өзгеріс туын қолына алып келе жатқанын білдіреді.
Енді саясатта да қазақ тілді орта барынша белсенділік танытатын сәт келді. Ол ең алдымен саяси науқандарда көрініс табуы тиіс. Референдумға бар немесе барма, ол бәрібір өтеді. Ендеше барып, қолдап дауыс бер немесе қарсы болып дауыс бер. Қазақ еліндегі тағдыршешті мәселелерді өзгелер емес ең алдымен қазақ тілді орта шешетінін көрсету керек. Әйтеуір осы елдің қожасы қазақ болғандықтан, қазақ тілді орта да кез келген саяси-экономикалық-мәдени шараның қожасы болуы тиіс қой. Әйтпесе билік қазақ тілді ортамен санаса ма? Оның сөзі мен ісін маңызды санайды ма? Оған құлақ асып, көзге іле ме? Менің ойымша жоқ. Ілмейді де, санайпайды да. Себебі қазақ тілді қоғамның өзі немқұрайлылық танытса, қазақ тілді ортаға билік тарапынан да немқұрайлылық бола береді.
Түсінемін. Ұзақ жылдар бойы қоғам саяси шаралар мен уәделерден, бітпейтін жиын-форумдардан жалықты. Сенім жоқ. Үміт аз. Аузы күйген үріп ішеді дегендей, "әй қойшы, бәрі шешіліп қойған" деген көзқараспен жүреді. Көбі сондай. Дос, туыс, бауырдың арасында сондай көзқарастағылар көп. "Шешіліп қойған" деп жата берсе, біз үшін (қазақ тілді орта үшін) шеше салатындар әрине тоқтамайды, азаймайды деп санаймын.
Өткенде жас бақылаушыларды дайындайық деп "Жас бақылаушы" жобасын жасауға Нұргелді Әбдіғани бауырыммен ақылдасып отырғанда, осыны талқылап едік. Мақсатымыз да сол қазақ тілді ортаны дайындау еді. Себебі Қазақ Елінің тағдырын ең алдымен қазақ тілді саяси белсенді қоғам ғана анықтай алады. Жеке ойым ғой. Мүмкін қателесермін. Келіспеуге құқылысыз.

facebook.com парақшасынан