Тілім - тағдырым

Шығыс Қазақстанда көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

  • Шығыс Қазақстанда көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

    Шығыс Қазақстанда көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

Тілдің шеберлігін, құдіретін дана Абайдан артық айтып жеткізу мүмкін емес шығар. «Кестенің бізі, өткірдің жүзі, өрнегін сендей сала алмас» деп ұлы ақын толғауы тоқсан қызыл тілдің бағасын дәл берген. Ұлттың негізгі бет бейнесінің өзі тіл. Тілсіз ұлт болмайды. Тілі құрыған ұлттың өзі де құриды. Оны талай арыстарымыз тайға таңба басқандай қылып жазып та, айтып та кетті. Сондықтан болар ұлтын сүйген кез келген жан тіл мәселесіне келгенде немқұрайлы емес. Тілдің де тағдыры болады. Оның тағдыры ұлттың өз қолында. Бағасын біліп әспеттесе, тілдің маңдайы ашық, бағы бес елі болары сөзсіз.

Тілімізді дамыту үшін елімізде қаншама игілікті істер атқарылып жатыр. Оның бәрін жіпке тізгендей қылып түгендеп шығу мүмкін де емес. Түрлі байқаулар, семинарлар, жиындар, олимпиадалар, курстар. Айта берсек бұл тізім жалғаса береді.

Осы бағытта ұйымдастырлып жатқан шаралардың бірі көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы. Бұндай игі істер жер-жерде өтіп жатыр. Біз бүгін Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында өткен осындай іс-шараға тоқталып өтпекпіз. Көркемсөз оқу шеберлерінің Абай атындағы конкурсы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Қалбатауда болды. Бұл байқау тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асты. Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, көркем әдебиетті насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, шеберлігін арттыру, дамыту.

Жыл бойы барлық аудандарда ұйымдастырылып, сол сайыстардан оза шапқан дүлділдер облыстық шарада бас қосып, бақ сынасты. Оған он жеті мен жиырма тоғыз жастың арасындағы жастар қатысты. Байқаудың ашылу салтанатында Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Маратұлы Ибраев сөз сөйлеп қатысушыларға сәттілік тілеп, жиналған қауымды құттықтады.

Бұл жолғы байқаудың талабы бойынша биыл мерейтойлары аталып өтетін тұлғалардың шығармалары қамтылды. Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар Б.Майлин мен С.Сейфуллиннің 125 жылдығына орай осы қаламгерлердің шығармаларынан және қазақ әдебиетіндегі көрнекті прозалық шығармалардан үзінді оқыды. Ал, екінші кезеңінде І.Жансүгіровтың 125 жылдығы мен Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына орай осы ақындардың өлеңдерін оқып, сайысқа түсті.

Байқау өте тартысты өтті. Үміткерлердің барлығы да сайдың тасындай іріктелген өнерпаздар. Оқыған өлеңдері мен орындаған үзінділері де өте әсерлі шықты. Сахнада образға еніп орындау шеберліктері мен өздерін ұстауы, дауыстары, шығарма таңдаудағы талғамдары сияқты барлық қырлары есепке алынып, бағаланды.

Осындай сындардан сүрінбей өтіп көрермендер мен қазылардың көңілінен шыққан өнерпаздар жеңіске жетті. Атап айтсақ, бас жүлдені күршімдік Әлия Болатова иемденді. Ал бірінші орынды орынды өскемендік Бұлбұлхан Талап қанжығасына байлады. Екінші орынды Алтай ауданынан келген Меңтай Мерекенева еншілесе, үшінші орынды жармалық Гүлмира Жусанбаева алды. Сондай-ақ өнерлері көпшілікті тамсандырған Ұлан ауданынан келген Гаухар Болатбек пен Семей қаласынан келген Исламбек Тұрайсов «Қара сөздің хас шебері» аталымы бойынша марапатталды.

Байқаудың жеңімпаздарына Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының арнайы дипломдары және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал бас жүлдені иеленген жеңімпаз Әлия Болатова қыркүйек айында өтетін республикалық байқауға қатысады.

Тіл дамытуға байланысты өтіп жатқан әрбір шараның маңызы өте зор. Бұндай игі істер қаншама жастың өнерін шындап, болашағына жол ашады. Тіліміздің көркемдігі мен қасиетін, байлығы мен мол мұрасын паш етіп жұртшылық жүрегіне ұялата түседі.


Нұрлы Еділов


 




Көрілген: 329    Пікірлер: 0

сейсенбі, 18.06.2019, 11:06

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30