«Тілге құрмет – елге құрмет» атты кездесу
Қазір республика бойынша барлық білім ордаларында тіл апталығы өтіп жатқандығы белгілі. Тілдер мерекесі аясында Алматы қаласындағы №178 лицейде ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат орденінің» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Әлиқызы Османмен «Тілге құрмет – елге құрмет» атты кездесу өтті. Іс-шараны лицей басшылығының бастамасымен «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы ұйымдастырды.
Асылы Әлиқызын ұлттық киім киген оқушылар мен ұстаздар қарсы алып, кездесуді асыға күтіп отырған көрермендерге толы залға салтанатты түрде бастап кіріп, сахна төріне шығарды. Алдымен қайраткердің өмірбаяны мен шығармашылығына, атқарған істеріне арналған бейнебаян көрсетілді. Кездесу тізгінін қолына алған жүргізушілер тіл жанашырының тағылымды істеріне тоқтала келіп «Құрметті оқушылар мен ұстаздар бүгін міне, біз үшін айтулы күн, өйткені төрімізге қазақ тілінің жоғын жоқтап, барын түгендеп, тіліміздің мәртебесі биік болуы үшін күресіп жүрген тіл жанашыры, қоғам қайраткері Асылы Осман апамыз келіп отыр.
Асылы апай тілдер мерекесіне орай ұйымдастырылған бүгінгі кездесумізге хош келдіңіз! Сізді күллі қазақ халқы қайраткерлік істеріңіз үшін әрдайым құрметтейді. Жұмысыңыздың көптігіне қарамастан ұсынысымызды қабыл алып, жас ұрпақпен кездесуге келгенiңіз үшін алғыс айтамыз! Лицейімізде әрдайым айтулы тұлғалармен кездесу ұйымдастыру дәстүрге айналған. Өйткені үлкен тұлғалармен кездесу жас жеткіншектеріміздің кеудесіне арман отын жағып, ұлтына деген махаббатын арттыра түсері сөзсіз», – деп ыстық ықыластыра мен лебіздерін жеткізе отырып құрметті қонаққа сөз кезегін ұсынды.
Кездесуде ұстаздар мен оқушылар Асылы Әлиқызының мемлекеттік тілді дамытуға байланысты және ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, тәлім-тәрбиені насихаттаған ғибратқа толы әңгімесін тыңдады. Оқушылар өздерінің сұрақтарын қойып құрметті қонақтың рухани әңгімелеріне қанықты.
Кеш соңында лицей директоры Шадиев Қайратбек Хамзаханұлы сөз сөйлеп, ғалым қайраткердің қоғамдағы ерекше орнына тоқталып, оқушылар елдің мақтанышына айналған айтулы тұлғалардан үлгі алу керектігін атап өтті. Асылы Әлиқызына ұжымның, оқушылардың атынан алғыс айтты.
Ұстаздар мен оқушылар тіл жанашырына естелік сыйлықтарын табыс етіп «Қазақ тілі туралы сөз болса сіздің атыңыз бірінші аталары сөзсіз. Қандай сәтте де қазақ деген халықтың қасиетін ұлықтап, тілін дәріптеп келесіз. Ұлтымызға деген осындай шексіз сүйпеншілігіңіз үшін басымызды иеміз», – деп ізгі тілектерін білдірді.
Жеткіншектер тағылымды кештен ерекше әсер алып, рухты әңгімелерден қанаттанып шықты.
Бағлан Ақанқызы