Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Редакция жанынан қайта даярлау курсын ашу журналистердің біліктілігін арттыруға ықпал ете ала ма?

28 маусым 2013, 11:28

Журналистика факультетін бітіріп жатқандар көп болғанымен, толыққанды журналист болып қалыптасқандар аз. Болашақта журналистикада қалатындар университет қабырғасында жүргенде-ақ белгілі болады.
Олар I, II курста жүргенде-ақ әртүрлі ре­­дак­цияларды жағалап, бірді-екілі дүние­лерін жариялап үлгереді. Қолына дип­ломын алғанда дайын маман ретінде ба­ға­­ланатын да – солар. Ал төрт жыл бойына университет босағасынан аттап шы­ға алмағандардың көбісінің жұмысты іліп алып кетуі неғайбыл. Олардың қатарға қосылуы үшін біраз уақыт кетеді және олар­ды қатарға қосатын да – сол редак­ция­дағы қызмет бабы мен жанашыр қыз­мет­тестері. Демек, теорияның жөні бөлек бол­ғанымен, тәжірибенің де орны айрық­ша екені анық. Осы тұрғыдан алғанда білім мен білікті астастыратын бірден-бір орын редакция екені даусыз. Осындай ойлардың негізінде елімізге белгілі басылымдардың бас редак­тор­ларына «Редакция жанынан қайта даяр­лау курсын ашу журналистердің біліктілігін арт­тыруға ықпал ете ала ма?» деген сауал қойып, ойларын білген едік.
Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» газеті Редакторлар кеңесінің төрағасы:
– Редакция жанынан қайта даярлау курсын ашудың журналистердің біліктілігін арттыруда, әрине, ықпалы зор. Себебі жоғары оқу орындарында тәжірибелік жұмыстар аздық етеді. «Таяқ лақтырсаң журналистерге тиеді, жұмысқа алайын десең, көбісі қарапайым хабар жаза алмайды» деген сөзім әлі өз күшінде. Болатхан Тайжанды, Сәбетқазы Ақатай мен Алдан Айымбетовті білмейтін, билікте Президенттен басқа ешкімді танымайтын «журналистер» де жаңа оқу бітірген жастар арасында көп кездеседі. Мүмкін, бұл олардың мектепте сабаққа емес, тестіге дайындалатындығынан шығар. Редакция жанынан журналистерді қайта даярлау курсын ашу үшін, ең бірінші, қаржы керек. Ол көптеген қазақ басылымдарында жетісе бермейді. Курс ашпақ түгіл, журналистерінің жалақысын уақытында төлей алмай қалатын редакциялар да көп. Біліктілік дегенде, қазір – интернет заманы. Компьютерді аттың тізгінін ұстағандай меңгеру, сайттарымызды сайдың тасындай ете білу ең бірінші қажеттілік болып қалды. Мүмкін, курстарды демеушілер тауып ашуға болар. Әрине, бұл журналистердің біліктілігін көтеру үшін қажет. Ал тәжірибе іс барысында келеді. Редакцияда жұмыс істеп, шұғыл да күрделі тапсырмаларды орындап, журналистиканың ыстық-суығына күюден артық тәжірибе жоқ.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы:
– Меніңше, көтере алады. Өз басым газет жұмысының қандай болатынын баспасөздің «ауылына» келгесін ғана білдім. Газет «кухнясымен» танысып, тәжірибелі мамандардың қалай жұмыс істейтіндігін көру, бірнеше рет материалыңның «быт-шыт» болып келуі есіңді тез жидырады. Негізі, журналист болам деген жас талап баспасөзді жағалап, аға-апаларының тезінен өтуі тиіс. Оларға және аяушылық болмауы керек. «Жаттығуда ауыр болса, соғыста жеңіл болады».

Қуат ӘУЕСБАЙ, «Халық сөзі» газетінің бас редакторы:
– Редакция жанынан жас журналистердің біліктілігін арттыру курстарын ашу өте тиімді болар еді. Өйткені қазіргі теориялық білім беретін оқу орындарында практикалық тәжірибелер өткізетін мүмкіндіктер жоқ екенін мойындауымыз керек. Нақты айтсақ, теле-радио студиялар, мерзімді басылым лабораториясы сынды практикалық білім беретін аудитория жоқ немесе бар болса да қаңырап бос тұр. Осы мәселені бізге өндірістік тәжірибеге келетін студенттер жиі айтады.

Жақында белгілі тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерейдің мектеп-студиясы ашылды. Оған журфактың студенттері не үшін барады? Танымал әрі практик мамандардың дәрісін тыңдау үшін, тәжірибе жүзінде процесті өз көзімен көру үшін. Сол сияқты, Медианет секілді жеке мектептер бар. Оларға сұраныс та, жастар тарапынан қызығушылық та жоғары. Демек, редакциялар жанынан біліктілікті арттыру курстарын ашуға да сұраныс пен қажеттілік бар әрі бұл журналистердің біліктілігін арттыруға ықпал етеді деуге әбден болады.