Әні де, әншісі де көп мына заман Шәмшісін жоқтайды немесе 20 жыл түсірілген фильмнің соңғы нүктесі қалай қойылды?

Әні де, әншісі де көп мына заман Шәмшісін жоқтайды немесе 20 жыл түсірілген фильмнің соңғы нүктесі қалай қойылды?

Бүгінде ән де, әнші де көп, тіпті кейде олардың санынан жаңыламыз, алайда қоғам ғасырда бір туатын Шәмшінің жоқтығын анық сезінуде. Даланың жұпар иісінен бастап, өзен суының сыңғыры, адамзат атаулыға әлемнің жарығын сыйлайтын Ананың қасиеті, мың сұлудың ішінде жалғыз жан – сүйген жанның сұлулығы – бәрі-бәрі Шәмші әндерімен бірге Алаш баласына бүгінге дейін қуат беріп келеді. Тіпті өткен ғасырда өмір сүрсе дағы, осы бүгінгі тәуелсіз еліне арнап алдын ала Әнұран жазып кеткен Шәмшінің көрегендігіне тәнті болмасқа лажымыз жоқ. Әйтсе де заманы оның басынан сипай қойған жоқ, керісінше, қағажу көрсетіп, аузына тигелі тұрған несібесінен талай мәрте айырмаса... Соншалық ұлы әндер, тіпті тұтас жанр туғызып, қазақ вальсінің королі атанған Шәмшіге тұтас фильм арнамағаны былай тұрсын, тым құрығанда қайран ердің бірде-бір бейнетаспасы қалмас па еді... Егер де елін сүйген, ешбір атаққа емес, халқының біртуар тұлғасына қызмет етуді өзінің азаматтық борышы санаған Тілеген Ахмет сынды азаматтар болмаса. Сол бір азаматтың осыдан 20 жыл бұрын бастаған Шәмші Қалдаяқов туралы деректі фильмінің соңғы нүктесі күні кеше шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі сынды азаматтың қайраткерлігінің арқасында қойылды.

Маусымның 19-ы күні Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Шәмші туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді. Сценарий авторы жазушы, публицист Қали Сәрсенбай болса, режиссері – Тілеген Ахмет, ал продюсері – Қалдыбек Құрманәлі.
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, сазгер, шәмшітанушы ғалым:
– Бұл фильмнің өре басы осыдан 20 шақты жыл бұрын басталып, ең алғашқы кадрлары1991 жылы, әлі Шәм­ші ағамыздың фәни дүниеде б­а­рын­да түсірілген. Ол үшін біз қазақтың бір керемет азаматы, жанкешті режис­сері Тілеген Ахметке шексіз алғыс ай­туы­мыз қажет. Себебі ол кісі болмаған­да, біздің қолымызда қазақ әнінің аңыз­­ға бергісіз тұлғасы Шәмшінің бір­де-бір бейнесі қалмас еді. Тілеген аға­мыз сол тұста Шәмші жайлы фильм тү­сіру­ді ойлап, тіпті ол кісінің ауырып жүр­­геніне қарамастан, туған жері – Оты­­рарға арнайы іздеп барып, кадрға түсі­­ріп үлгерген. Көп ұзамай қайран Шәм­ші көз жұмған еді. Ажал кімді есір­кесін, кенеттен келеді де, мезгілсіз қиып түседі емес пе, әйтпесе бұл фильм Шәмші Қалдаяқовтың тұтас өмі­рі мен портретін жасауға бет алып, тіп­ті ол кісі әскерде болған Сахалинге бару үшін төрт адамға билет те алынып қойған еді. Бірақ амал нешік, артында Алаш­­тай елін аңыратқан күйі Ән-ағамыз бақи дүниеге кете барды. Домбыраның шегі кенеттен тырс етті де, үзіліп түсті...

Содан біз  әлгі фильмді арада 20 жыл өткенде ғана аяқтап отыр­мыз. Шәмші ағамыздың бейнесі бар кадр 10 минуттай ғана, ал қалған 40 минутты біз актер-актрисалары­мыз­дың көмегіне жүгініп, көркем фильм элементімен толықтырдық. Алдын ала барлығын айтып берсем, қызығы қалмай қалар, сондықтан өздеріңіз көріңіздер.
Аппақ экранға жан бітіп, кенет осыдан қаншама жыл бұрын мына фәни дүниені біржола тастап, бақиға аттанған қайран ер, қайталанбас Шәмші бейнесі жарқ ете түскенде, шіркін, телевизия өнерінің құдіреті-ай демеске лаж қалмады. «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» дегеннің кейде растығын мойындауға тура келеді, Шәмші әнін салып, атын атап жүргенімізбен, сол әндерді өзінің ғажайып сарай сынды көкірегінен ұшырып шығарған теңдессіз талант иесінің мына өмірде жоқ екенін біз көбіне ұмытып кетеді екенбіз. Басында қаракөл бөркі, қолында бір тал темекісі бар Шәмші кәдімгі тірі адамдай сөйлеп, өз өмірі мен шығармашылығы жайлы айтып жатыр. Бір кезде бір сәт экрандағы жүзін әжім торлаған бейне ғайып болды да,  көз алдымызға дарқан даланы жалаңаяқ табанымен қақ тіліп бір бүлдіршін келді. Бұл бала Шәмші еді.  Оның мөлдір қарашығы ендігі бір сәт ұстаның жарқ-жұрқ еткізіп от шашқан темір көрігіне қадала қарап тұр еді. Ал ұста – Шәмшінің әкесі Қалдаяқ, бала Шәмші әкесін бір сәт көрмесе, сағынып қалатын, сол себепті үнемі оның ұстаханасынан табылатын.
Келесі бір сюжетте ақ жаулықты Әзиз ана – ақ төсекте, қасында жігіт Шәмші егіле жылап тұр. Өмірдегі ең бір аяулы, ең бір қимас жанмен қоштасар сәт туған. Ақтық демі үзілгелі тұрған анасының аялы алақанының табын соңғы рет сезініп қал­ғысы келген балаң жігіттің: «Ана, мен сенің басыңа, бәлкім, зәулім сарай тұрғыза ал­мас­пын, бірақ мәңгі өлмес ән арнаймын», – деуі кімді болсын егілтпей қоймады.
Жалпы, Шәмшінің консерваторияда оқып жүрген жерінен кенет Композиторлар одағынан шығарылып, оқудан қуылғанын, онымен тұрмай, сазгердің сағын сындыру үшін әдейі оның ең ұрымтал тұсы – әніне тіл тигізіп,  «бұл өзі халық айтатын ән емес, уақытша ғана өмір сүретін өтпелі дүние» деуі  жас Шәмшіні тірі пендеден безінуге дейін жеткізгенін білсек те, сол сәтте оның өзіне қайдан жұбаныш тапқанынан көбіміз бейхабар едік. Сөйтсек, ол өзіне арман бол­ған Алматыдан бір-ақ сәтте қол үзіп,  кө­лік­ке отырып зулаған күйі өзі қастер тұ­т­атын Ақан серінің басына барып мұң ша­ғуы – бәрі-бәрі фильмде қым-қиғаш өріле түсті.  Және бір айтарлығы, фильм еліміздің Алматы мен Астана қалаларынан бөлек Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола және Қызылорда секілді бірнеше облыстарында, сондай-ақ Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласын­да да түсіріліпті. Себебі Ш.Қалдаяқов Таш­кент­тің музыка­лық училищесін тамамдаған еді.
Тілеген АХМЕТ, режиссер:
– Мен 20 жыл осы фильммен өмір сүрдім. Бірақ әттеген-айы – ол кезде Шәмшінің науқастануына байланысты фильм басталды да, аяқсыз қалды. Ал одан да жаманы – ұлы композитордың ешкім ойламаған сәтте кенеттен қайтыс болғаны. Солайша ол жайлы туынды үзілді де қалды, сондағы менің өкінішімді білсеңіз... Өзегім өртеніп, жүрегім жұлынып қалғандай жаман күйде жүр едім. Сенсеңіз, сондай күй­ден мен бүгін ғана шығып тұрмын.

Бір қызығы, қазақтың еңбектеген бала­сынан еңкейген қартына дейін Шәмшіге тек ұлы композитор деп қарайды. Ал негізі диплом бойынша Шәмші Қалдаяқов – мал дәрігері. Бірақ оны ешкім біле бермейді. Композитор ретінде танылмас бұрын Шәмші Қапланбек жеріндегі зоовете­ри­нар­лық училищені бітіріп, Ақтөбенің Мұ­ғалжар ауданында зоотехник болып қызмет істеген, сонда жүріп әскерге аттанса керек. Фильм сол жас Шәмшінің әскерде болған Сахалиндегі өмірінен басталады. Бірақ түсіру тобы Сахалинге бара алмапты, сондықтан оның орнына сол Сахалин табиғатына өте ұқсас Каспий теңізі жағалауын түсірсе керек. Ал бала Шәмші рөліне Шәмші-Қалдаяқ Құрманәлі түссе, композитор­дың жастық шағын жырау, термеші Аман­қос Садықов сомда­ған. Туынды шәмші­тану­­шы, композитор мұрасының шын жа­на­шыры Қалдыбек Құрманәлінің ұйыт­қы болуымен Ш.Ай­ман­ов атындағы «Қа­зақ­фильм» кинос­ту­дия­сымен бірге түсі­рілген, ал шілде айында Қазақстан ұлттық арнасынан кө­­­рер­­­менге жол тартпақ. Мүмкін, алдағы уақыт­та прокатқа да шығып қалар.

Фильм туралы
                                    Шәмшінің анасымен сонғы рет тілдесуі
Аманхан ӘЛІМ, ақын:
– Шәмші Қалдаяқов туралы осы бір фильмді тамашалап, шынымды айтсам, қатты толқыдым. Жалпы, кино өнер адамының тағдыры десек, мұндағы ең жақсы нәрсе – туынды деректі фильм деген атауын ақтап тұр. Ішінде көркемдеу үшін қолдан қосылған артық деталь, яғни кейіпкерге өзгеше өң беру, типтендіру жоқ. Композитордың өзі бар, яғни Шәмшіні көресіз. Тіпті Шәкеңнің кейбір тұста жіберіп алған адами кемшіліктерінің өзі фильмде Ақанмен кездесуі арқылы өте бір сәтті шыққан. Өнер адамына қай заманда да қиын болған, әсіресе Шәмші секілді асқан дарын иесі болса. Сол кездегі кейбір пенделердің айтқан сөздеріне компози­тор­дың жүрегі жараланып, барлығын бір-ақ сәтте тастап, көлікпен зулаған күйі беті ауған жаққа қарай кетуі көрермен жүрегін сыздатады. Өйткені әлгіндей сыртынан бораған сөздердің кесірінен өзінің орта­сына, қоғамға сыймау – нағыз шығарма­шылық иесіне тән құбылыс. Жалпы, өзім Шәмші ағамызбен қоян-қолтық аралас­пасам да, ол кісінің көзін көрдім. Ол кезде студент болатынмын. Жаңа фильмде орындалған Қорлан әнін Шәмші ағамыз­ студенттермен кездесу барысында бізге орындап берген. Сондықтан фильм толығымен нақты дәлелдер мен дәйектер­ге сүйене отырып жасалған деп сенуге негіз бар. Мұнда ешқандай типтендіріл­меген кәдімгі Шәмші тұлғасы бар, Шәм­шінің өмір жолы ешбір қоспасыз берілген. Осы ретте С.Есениннің бір әдемі сөзі есіме түсіп тұрғаны: «Ақынды танығың келсе, Отанына бар». Мен дәл қазір сол сөзді қазақшаға басқаша аударғым келіп тұр: «Егер  Шәмшіні танығы­ңыз келсе, онда осы фильмді көріңіздер!» Расында да, көңіл толқытатын тұстары көп. Мәсе­лен, өлім аузында жатқан анасымен бақұлдасып тұрып: «Ана, мен сіздің басы­ңыз­ға зәулім мазар тұрғыза алмаспын, бірақ тамаша ән қалдырамын» деуі – болашағына сенген нағыз композитордың сөзі. Сондай-ақ Ақан сері рухымен тілдес­кенде «ертеңгі ұрпақ орындай ма менің әнімді?» деп өз өнеріне күдікпен қарауы – таза өнер адамына тән болмыс. Яғни Шәмшіде лирикалық «мен» бар, алайда  азаматтық «мен», эгоизм жоқ. Ол, расында, менмен­шіл­­дік­тен ада, сондай таза, пенде­шіліктен бойын аулақ ұстай білген ұлы дарын иесі бола білді. Сол үшін Шәмші рухына мың тағзым!   

Шәмші туралы
Амалбек ТШАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Шәмші ағамыз өмірден өткен 1992 жылы мен Шымкент қаласының әкімі болып қызмет істеуші едім. Тәуелсіздігімізді алғанымызға енді ғана жыл толған кез, сондықтан да көп көкейінде «өз бетімізше өмір сүріп кете аламыз ба, жалпы, ұлт болып ұйыса алдық па» деген сұрақ тұрған-ды. Біздің әлі тіліміз де қалыптаса қоймаған кез, бірақ ұлтшыл жастар легі мықты еді. Сол кезде, естеріңізде болса, Алматыда жыл сайын «Азия дауысы» өтуші еді ғой, соған қарап маған «Осы неге бізге таза ұлттық мазмұндағы әндер байқауын өткізбеске?» деген ой келді. Сол ойдың тууы мұң екен, бірден еске Шәмші Қалдаяқов түсті. Себебі біз бала кезден Шәмші ағамыздың әндерімен сусындап өстік. Шәмші әнімен ел таныдық, ана сүйдік, қыз сүйдік, бір сөзбен айтқанда, біздің бойымызға сүйіспеншілік атаулының дәні осы Шәмші Қалдаяқов әнімен егілген болатын. Еркеғали Рахмадиев ағамыз министр болып тұрған кез, бірден бұл ойымды құптады. Солайша Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқауы дүниеге келді. Соған қазақтың бір баласы ретінде үлес қоса алғаным үшін бақыттымын.

Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы:
– Қазір телеарнаның қайсысына қойсаңыз да, әннен көп нәрсе жоқ, ән салмайтын адам қалмаған сияқты өзі. Бәлкім, бұл осындай бір кезеңге тән құбылыс шығар, алайда сол әндердің көпшілігінің сөзі мен әнінің арасында түк үйлесім жоқ. Тіпті қазір композитор дегендер әнінің сөзін де өзі жаза салатын болды. Айта берсек, қарап тұрып мына біздің бетіміздің оты шығады. Осыншама талғамсыздыққа баруға бола ма? Тіпті бүгінде көптеген концерт пен тойларда Шәмшінің бірде-бір әні орындалмауы да ғажап емес, ондайларды көзбен көріп те жүрміз. Шәмші келмеске кетсе де, артында теңдессіз бай мұрасы қалды. Сол мұрасы барда ол тірі, сондықтан біз оның әнін өлтірмеуіміз керек.

Жалпы, Шәмшіні Шәмші қылған, оның есімі мен әндерінің ел аузында ғана емес, жүрегінің төрінде қалуы неден? Себебі ол жасанды сазгер бол­ған жоқ, ол нота терген жоқ, ол тума та­лант болды. Шәмші сырлы саз бен сөздің қадірін біліп, ұрпақ үшін ән жазды. Ол заманда да бүгінгідей арзан композиторлар болды, мәселен, «ана тұрған бидайды, комбайнмен жинай­ды» десең, соған ән жаза салатын. Ал Шәмшінің солардан ерекшелігі – ол поэзия мен сылдыр сөзді ажырата біл­ді. Ол бір күндік ән, бір күндік атақтың адамы болғысы келген жоқ. Шәмші – ерекше талғамның иесі, бекзат болмысты адам. Бірақ заманы ма, әлде қоғамы дейміз бе, оған үлкен қиянат жасады. Қалай деңізші? Басқасын айтпағанда, кезінде Шәмші қатысқан поэзия кештерін, концерт, кездесулерді теледидарға түсіргенімен де, бірде-біреуін сақтамаған. Бұл не? Бұл – кеңестік биліктің өнерге немқұрайды қарауының дәлелі. 
Кезінде Гитлерден «Мына Шығыс­та­ғы жаулап алған елдерге қандай саясат қолданамыз» деп сұрағанда, ол: «Оларға таң атқаннан кеш батқанға дейін жеңіл музыканы  толассыз тыңдата беру керек, кітап оқуларына мейлінше зауқылары соқпайтындай дәрежеге жеткізу шарт. Сонда әлгі жеңіл музыкаға елтіген олардың ойлануға мұршалары келмейді. Ал рухани жағынан құлдыраған елді айтқанға көндіріп, айдағанға жүргізу оп-оңай», – деген.  Ал Гитлердің осы сөзінің растығына көз жеткізу үшін Пилотонесс аралында тіпті арнайы ғылыми зерттеу де жүргізілген. Теңіздегі балықтарға апарып даңғыраған музыканы қойып қойғанда, дельфиндер бірінен соң бірі өз-өздерін жағаға лақтырған. Қазір рухани  әндер де бар, бірақ адамның өзін істен шығаратын рухсыз әндер өте көп. Сондықтан осы тұста біз адамды нағыз рухани парасаттылыққа жетелейтін Шәмшінің әндерін көбірек тыңдап, көбірек насихаттауымыз шарт.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні:
Жалпы, Мұқағали ақын секілді Шәмші Қалдаяқовты да Кеңес үкіметі қатты шеттеткен. Бәлкім, бұл екі тұлғаның да бойындағы тұнып тұрған талантын қызғанды ма, әйтеуір, қайда барса алдынан есік ашудың орнына, мүмкіндік болса, аяқтан шалып қалуға, сағын сындырып, барынша жоқ қылуға тырысқан. Оның бір дәлелі – Мұқағалиды да, Шәмшіні де не бір дұрыстап телекамераға түсіріп, олар жайлы бағдарлама жасалмауынан білуге болады. Егер режиссер Тілеген Ахмет болмағанда, қазақ жұрты артында 300-ден аса ән қалдырған Шәмші бейнесінен мәңгілік айырылғандай екен. Ал Мұқағалиды түсіретін бірде-бір Тілегеннің табылмағаны – орны толмас өкініш.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста