Бірлік мерекесі жалпыхалықтық сипат ала алды ма?

01 мамыр 2013, 12:16

Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың игері:
– Менің тап осы 1 Мамыр – бірлік ме­ре­кесін тойлауға қатысты айтарым, бұл мерекені біз сол кеңестік кезеңнен қал­ған үрдіспен тойлаудан әрі аса алмай жүр­міз. Мереке жақындағанда арнайы мерекелік шеру өткізуге дайын­даламыз. Мерекелік шеруге шыққысы келмеген­дер­ді тиісті тарап міндеттеуге дейін ба­ра­ды. Осындайда «неліктен халық бұл ме­рекені саналы түрде той­лауға ұмтыл­май­ды» деген сауал өзі­нен-өзі туын­дай­ды. Мұның себебі – бізде бұл мерекенің насихаты кемшін түсіп жатыр. Көпұлтты мемлекет ретінде біз бірлігіміздің ұйыса түсу қажеттігін, бірлік бар жерде ғана тір­ліктің жанда­на­тынын қоғам санасына әлі де болса сіңіре алмай жүрміз. Сон­дық­тан бола­шақта бұл мерекенің сипа­тын жалпы халық болып тойлау үшін жылдан-жыл­ға мерекенің насихатын арттырған абзал. Әсіресе жастарымыз­дың сана­сына бұл идеологияны сіңірсек, келе­шекте жастарды отансүйгіштікке осы ар­қылы баули аламыз. Сондықтан қа­зақ баласы 1 Мамыр мерекесінің си­па­тын, қа­ді­рін, қасиетін тереңнен ұғынса ғана бұл мерекенің салмағы артпақ. Ол үшін, әрине, бізге қажеттігі – мықты иде­о­ло­гия­лық сана.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург:
– Қазіргі бірлік мерекесінің той­ла­нуы­ның өзіндік астары ерекше. Қазақ елі 130 ұлттың басын біріктіріп отырған ел ретінде бүгінде әлемге танылып отыр. Көпұлтты мемлекет ретінде бізге мұндай мерекелердің жобасын терең­детіп, маз­мұнын ашу өте өзекті. Сон­дық­тан біздің жыл сайын мерекені тойлаудағы үрдісі­міз­дің тереңдеп отыр­ғанын мен өз ба­сым жақсы сезе­мін. Осыған байланысты бұл мерекенің тойлануына көңілім тола­ды. Жалпы, мұндай шаралар ұлттың ұлт болып ұйысуына түрткі болады. Елі­міз­де тұратын өзге ұлт өкілдері де бүгінде қа­зақ­тың тілін, дәстүрін қастерлеп жата­тын жайттар көптеп кездеседі. Мұны жоқ­қа шығаруға болмайды. Болашақта да бір­лігіміз нығая түсуі үшін мұндай мерекелер жүйесі бізге қажет.

Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:
– Меніңше, біз алдағы уақытта нақ осы мерекенің шынайы бет-бейнесін қа­лыптастыру үшін жасандылықтан ары­луы­мыз керек. Бірлік деген ұғымды жа­сан­ды, жаттанды әрекеттерден сақ­тауы­мыз керек. Олай етпесек, Абай бабамыз айтып кеткендей, біздегі бірліктің сиқы жасанды кейіпке енеді. Бірліксіз тірліктің берекесі қашатынын біз үнемі мысал ете­міз. Жасыратыны жоқ, біздегі қайсыбір ұлт өкілдерінің ара­сында Қазақ еліне кел­тірген пай­дасын, еткен еңбегін бұл­дап, міндет­сінетіндер де баршылық. Мұн­дайды бүркемелеп, опа таппасымыз анық. Сондықтан біз көпұлтты мемлекет ре­тінде еліміз аман, жұртымыз тыныш, мем­лекетіміздің іргесі берік болсын десек, өзге ұлт өкілдеріне қазақтың ба­уыр­малдығын, бітімшілдікті, бірлікті сү­йе­тін ел екендігін үнемі насихаттап оты­руымыз қажет. Сонда ғана бұл мере­кенің маңызы артып, халықтық сипат алады.