Түрлі саладағы кәсіби мамандарды журналистикаға тарту керек пе?

28 маусым 2013, 11:42

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылы­мының докторы, профессор:
– Басқаны айтпай-қа қоялық, мәселен, көрші Ресейді алып қарастырсақ, ондағы экономика бағытына мамандандырылған ақпараттық құралдары өте сауатты: «Коммерсантты», РБК-ны алыңыз... Ал біз­дегілер көбіне сол күні жарияланған ресми ақ­параттан ары аса алмай жатады. Талдау өте аз. Кейде басылымға берген пікіріңіз ұятты қылатындай етіп, бұрмаланып жа­рия­ла­нып кетеді немесе қатысқан бағдар­ла­маңызды теледидардан көріп отырып, журналистің сауатсыз қойған сұрағы үшін бетіңіз күйетін кез болады. Бізде эконо­микалық деген аты бар, бірақ затына сай емес басылымдарды да байқап жүрмін. Әрине, БАҚ салмағын арттыру үшін кәсіби маманды тарту керек, сонымен қатар журналист те мамандануы тиіс. Журна­листикада шолушы деген болады. Менің­ше, сала шолушысы қосымша ма­ман­дық алуы керек. Экономиканы жазса эконо­микалық, заңды жазса заңгер­лікті деген­дей. Не болмаса еліміздің кейбір жоғары оқу орындары қабыр­ғасында белгілі бір мерзімде әр сала немесе тақы­рып бойын­ша сауат ашу оқулары болып жатады. Ондайдан жур­налист қауымы шет қалмауы тиіс, редактор да салалық журна­листердің осындай оқулар­ға қатысуын қадағалап, міндеттеп отырса жақсы болар еді.
Үмбетбай УАЙДИН, белгілі жазушы, сатирик, журналистика ұстазы:
– Түрлі саладағы кәсіби мамандарды журналистикаға жүйелі түрде тарту керек деп айта алмаймын. Өйткені кез келген жағдаятқа сол сала маманын сөйлетіп, мәселені ашып көрсетуге журналистикада мүмкіндік бар. Алайда салалық ақпарат құралдары үшін бұл амалды қолдану керек. Одан басылым немесе телеарна мен радио көркеймесе, қағажу көрмейді.
Көбіне біз жанр жағынан сусап жата­мыз. Мәселен, фельетонды, памфлетті кез келген журналист жаза алмайды. Оған қабілеті бар маманды тартса, салалық басылым жарқырай түсер еді. Сол секілді, меніңше, қандай да бір саланың талдауына арналған арнайы айдарды тұрақты жүр­гізетін кем дегенде бір білікті кәсіп иесі болса, мұндай ақпарат құралының басқа­ларынан ерекшеленіп, мәртебесі арта берері анық.
Уәлихан ТӨЛЕШОВ, ҚР Тұңғыш Прези­денті қоры жанындағы Халықаралық экономика және саясат институты директорының орынбасары:
– БАҚ – қоғам айнасы. Егер отандық бұқ­аралық ақпарат құралдарының сала­лық бағыты дамымай жатыр деп айтсақ, демек бізде журналистика түгіл, сол ма­мандардың өзі қоғамда жеткіліксіз деген сөз. Нақтырақ айтқанда, бізде ұлт­тық болмыс пен ұлттық идеология тұр­ғы­сында өткір ой айта алатын шенді-шек­пенділер, ғалымдар аз. Меніңше, ақпарат құралына жай саясатшының, қарапайым есепші мен заңгердің қажеті жоқ.
Қазір экономика мен саясат біте қайнасып жатыр. Сондықтан бүгінге керегі – «политэкономистер». Кеңес Одағында Жоғары партия мектебінде басқарушы элита, негізінен, осындай мамандыққа ма­манданды. Өкінішке қарай, қазір бізде ондай кәсіп иелері даярланбайды. Салдарынан Үкімет те қателеседі, одан есеп сұрайтын Мәжіліс те жаңылысады. Айна­лып келгенде, бүтін мемлекеттік бағдарлама сал тартып, аяғына жетпей бюджет ақшасы талан-таражға түсіп кетеді. Егер кез келген ақпарат құралы «полит­экономист» маманды журналист ретінде тарта алса, бұл – ғаламат табыс. Бірақ ондай білікті маман Үкімет пен Мәжілістің өзінде саусақпен санарлық қой.