Павлодар облысында жүк көлігін тізгіндеген мас жүргізуші тұрғын үйге соғылды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
27 қыркүйек сағат 13:50 шамасында Shacman жүк автокөлігінің 45 жастағы жүргізушісі мас күйінде Павлодар облысының Шідерті кентіндегі Жастар көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйге соғылған. Тексеру оның орташа дәрежедегі алкогольдік мас болуын растады.
– Оқиға салдарынан үйге материалдық шығын келтірілді. Автокөлік жүргізушісі қажетті көмек алу үшін Екібастұз қаласының ауруханасына жеткізілді, себебі дене жарақатын алды. Келтірілген залал анықталып жатыр. Көлік Шідерті кентінде жұмыстарды орындайтын мердігер ұйымға тиесілі. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп хабарлады Павлодар облысы Екібастұз қаласы ПБ Патрульдік полиция ротасының командирі Азамат Күркебаев.
Айта кету керек, биыл Павлодар облысының аумағында 318 ЖКО тіркелді, онда 50 адам көз жұмып, 501 адам жарақат алды. Мас жүргізушілердің кінәсінен жеті ЖКО тіркеліп, салдарынан үш адам мерт болды, 23 адам түрлі жарақат алды.